Қарағанды облысында 6 жастағы қыз баланы қаңғыбас иттер талап, мерт қылды. Жантүршігерлік оқиға кеше кешкі уақытта Сәтпаев қаласында болған. Жергілікті құқық қорғау органдарының мәліметінше, сұмдық жайт кезінде балақай ата-ана қарауынсыз, жалғыз далада жүріпті. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Қайғылы оқиға кеше кешкі сағат төрт пен бес арасында қала сыртындағы саяжай алабында болған. Алты жастағы қыз баланы сол уақытта анасы көрші әжейге тастап кетіпті. Ал, балақай үлкеннің аңғалдығын пайдаланып, далаға жалғыз өзі шыққанда, қаңғыбас иттер талаған. Жергілікті тұрғындар иесіз иттердің қыс түсісімен көбейгенін айтады.
ӘЙКЕРІМ ХАМИТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
«Қалада қаңғыбас иттер өріп жүр. Күнделікті оны жұмысқа барғанымды көріп жүрмін. Жаз айы емес, қыс түсіп келе жатыр. Күн суытты. Бұл өте қауіпті деп ойлаймын. Өйткені оларға азық табу керек. Сондықтан таламағанда қайтеді, енді?!».
Облыстық полиция бұл істі қаперіне алған. Құзырлы органдағылар баланы ата-анасы неліктен қараусыз қалдырғанын анықтамақ. Ал, қалалық әкімдіктегілер марқұм баланың отбасы полиция есебінде тұратынын айтады.
АЙГҮЛ ТӨТЕЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІК АППАРАТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
«1993 жылғы келіншек. Ол азаматтық некедегі жары және үш баласымен саяжай алабында тұрып келгені белгілі. Жанұя жайсыз отбасы болғандықтан, полиция есебінде тұрады. Сондай-ақ білім басқармасының бақылауында».
Бірақ шенділер 27 жастағы келіншек пен оның азаматтық некедегі жары неліктен тәртіп сақшылары мен білім басқармасының бақылауында екендігін толық айтпады. Ал, кинологтар төрт аяқтылардың мұндай әрекетіне адамдар кінәлі, дейді.
СТАНИСЛАВ БАБЕНКО, КИНОЛОГ:
«Иттер адамға тектен тек шабуылдамайды. Демек, олардың адамдардан көңілі қалған. Біреу ызаландырған. Немесе олар қатты аш болған. Бірақ, осының өзінде де олар адам баласына қарсы күш көрсепейді. Менің ойымша, оларды біреу қинаған».
Бұл оймен еріктілер де келіседі. Олар жергілікті билік қаңғыбас иттерді атып, көзін жоюға қыруар қаржы бөлетінін айтады. Бірақ, мамандар бұл осындай қайғылы оқиғаның алдын алуға көмектесппейді дейді.
ИННА РАДЧЕНКО, ЕРІКТІ:
«Еріктілердің «даладағы жануарлар-қоғам қауіп төндіреді» дегеніне ешкім құлақ аспайды. Осындай жайттарда біздікілердің ойы «тағы қосымша ақша бөлейік, тағы да барлығын атып тастайық» дегенге саяды. Бірақ қаржы бөлінеді, ал, қаңғыбас иттер қалай жүрді, сол күйінде қала береді. Демек, адам, асыраушы қолындағы жануарына жауапты бола алмағанша, оларды далаға тастауын доғармайынша, осындай жайттар қайталана береді».
Қала әкімдіктегіндегілер қараусыз қалған иттерді көзін жою үшін ветеринарлық қызмет бар жүйелі түрде жұмыс істейтінін айтады. Өкінішке қарай, шенеуніктер жылда қанша қаржы бөлінетіні тіс жармапты. Қала билігі қыршын кеткен қыз баланың денесін жер қойнауына тапсыру рәсіміне көмектеспек.