Тәж-тажалмен алысамыз деп, өзге ауруларға көз жұмғанымыз дұрыс емес. Әлем ғалымдары былай жалғаса берсе, келер жылы ел-жұртты қызылша қыспаққа ала ма деп қауіптеніп отыр. Дегенмен, өзге әріптестері арнайы зерттеу жүргізіп, ковидті 5-ақ минутта жеңетін жемістін түрін анықтаған екен. Ал оған отандық дәрігерлер не дейді? Жалпы елдегі эпид ахуал қалай? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды». Бірақ қайтесің, тәж-тажал толқындатып жатыр. Тәулігіне 600-ге жуық науқастан тіркеліп, өңір-өңірде блокбекеттер бой көтеруде. Бүгін бұл тізімге Алтай қаласы қосылды. Еліміздің шығысы вирустың «қызыл аймағынан» әлі де шығар емес. Өткен жұмамен салыстырғанда, статистика оң жаққа өзгергенімен, аймақ әлі де антиүздіктердің көшінде.
«Өте алмайсыз аға, рұқсат керек, жо-жоқ, анықтама болу керек»
Павлодарға кірер жолда да ұзын-сонар кезек. Қолында рұқсаты жоқ азаматтарды полицейлер кері қайтарып жатыр. Өңірде эпид ахуал өршіп барады. Соңғы тәулікте қызыл тізімге бірден 49 науқас қосылған.
Бұл да Павлодар. Арнайы рейд барысында мобильді топ қызметін заңсыз жалғастырған түнгі клубтардың біріне тап болған. Есіктері ішінен жабулы болған соң, полиция бес сағаттан бері айналасын торуылдапты. Енді мекеме басшылығына ірі көлемдегі айыппұл салынады.
«Все сотрудники полиции надо остановить, той иесін анықтау керек. тоқтатамыз, все шығармаймыз енді»
Жан-жаққа бытырай қашқан батыстықтар да полицейлердің қолына түсті. Олар жасырын түрде той жасапты. Аталған өңірде карантин талаптарын бұзғандарға жалпы соммасы 21 млн теңге көлемінде айыппұл салынған екен. Одан бөлек, оралдық 20 мұғалімнің вирус жұқтырғаны анықталыпты. Соның үшеуі бастауыш сыныптың ұстаздары.
Ал бұл Атыраудағы жоғары сыныптың оқушылары. Мектептерінде ПТР тест тапсыруды міндеттепті. Ауруханаға асыға ағылған балаларда арақашықтық деген атымен жоқ. Енді медициналық тексеруді дұрыс ұйымдастырмағаны үшін, №1 емхананың бас дәрігерінен түсініктеме алынды.
Ал бас қаладағы бас санитарлық дәрігер қаулысына өзгеріс енгізді. Енді 5-ші сыныптың оқушылары да кезекші класстарға бара алады. Әрине, бір сыныпта көп дегенде 15 баладан ғана болуы тиіс. Осы ретте айта кетейін, қазіргі уақытта елде 9100 науқас ем қабылдаса, соның 500-ге жуығы бала. Бала дегеннен шығады. Карантиннің кесірінен, әлем бойынша балаларға жыл сайынғы қызылшаға қарсы вакцинация өтпеді. Енді, соның кесірі келер жылы тиюі мүмкін, дейді білетіндер.
НАТАША КРАУКРОФТ, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ ӨКІЛІ
« Қызылшамен былтыр 870 мың адам ауырды. Бұл соңғы 25 жылда болмаған көрсеткіш. Ал пандемия басталғалы, қызылшаға қарсы вакцинация тіпті жүргізілмеді. Бұл жаңа эпидемияның басталуына әкеп соқтыруы әбден мүмкін»
Осы ретте, неміс ғалымдары қара жемісті шетеннің шырыны коронавирусқа қарсы таптырмас ем екенін анықтапты. Ол адам ағзасындағы инфекцияның 97 процентін өлтіреді деген пайымға келген. Ал бұған қатысты отандық дәрігерлер не дейді?
ГҮЛСІМ ҚУАТБАЕВА, ИММУНОЛОГ:
«Осы вирустан құтылу үшін мен сіздерге рябина жемісін ұсынар едім, себебі ол жерден шығатын таза өнім. Біздің 80-90 пайыз жағдайда рябинадан жазылатынымыз дәлелденіп отыр. +0039- Біздің кәдімгі көк шайымыз ағзаларды жоғары тыныс органдарын тазартып, вирустан құтқарады»
Дегенмен, бұл да әлі ғылыми түрде дәлелденбеген. Қалай болғанда да, осылай-ақ деп кей пысықайлар шетен мен көк шайдың бағасын қымбаттатып жібермесе болғаны.