0:30 Тікелей эфир Ночной кинотеатр. Фильм «СЧАСТЬЕ МОЕ»
2:05 Эфирде әрі қарай «АЙНА» бағдарламасы

Қазақстандықтар eGov.kz-ке бет-әлпетін көрсетіп кіре алады

Электронды цифрлық қолтаңба қажет емес!. Енді қазақстандықтар eGov.kz-ке бет-әлпетін көрсетіп те кіре алатын болады. Бұл тетік қазір тестілеуден өтіп жатыр. Үкіметтің бүгінгі отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі осы және өзге де  сүйінші жаңалықтарды жеткізді. Бағдат Мусиннің  айтуынша, енді азаматтар өз атынан көлікті шығару үшін «ЦОН»-ға сабылмайтын болады. Министр ауылдағы интернеттің мәселесін шешудің де жолын тауыпты. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Елімізде автокөліктерді тіркеу процесі жеңілдетілмек. Енді сатып алушы көлік сататын адамның шотына ақша аударған кезде, көлік иесі автоматты түрде өзгереді. Қараша халық, авто нөмірін қолтықтап алып, ары-бері сабылмайды деген сөз. Министр Мусиннің айтуынша, Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына жыл сайын 3 миллионнан астам адам жүгінеді. Соның салдарынан үлкен кезек болып жатады.

БАҒДАТ МУСИН,  ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:
«Азаматтар автокөлікті тіркеу қызметі онлайн болса да, ХҚКО-ға барып, бірнеше сағат уақытын жұмсайды. Біз осы мәселені талқыладық. Жаңа процесс бойынша сатып алушы көлікті сататын адамның шотына ақша аударғанда, көлік иесі автоматты түрде өзгереді. Дәл бүгін осы ыңғайлы сервисті пилоттық режимде Kaspi.kz мобильді қосымшасына шығардық. Ал кредитке алынған көліктерді тіркеу бойынша «Сбербанк» және «Халық банк»-пен жұмыс жүргізіліп жатыр».

Қазіргі таңда eGov.kz-те қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін 500-ден астам ақпараттық жүйе мен 1 500-ден аса интеграция жұмыс істейді. Енді азаматтарға eGov.kz порталына биометрия арқылы тіркелуге мүмкіндік беріледі. Министрдің айтуынша, қарапайым халық үшін eGov.kz порталына көшудің басты қиындығы  Электронды цифрлық қолтаңбаны орнату және мобильдік базада тіркелу. Осы мәселелерді шешу үшін порталда биометрия арқылы тіркеу мүмкіндігі іске асуда.

БАҒДАТ МУСИН,  ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:
«Еgov пайдаланушысы болу үшін смартфоныңызды алдыңызға қойып, өз келбетіңізді көрсету жеткілікті.  Қазір осы тетік тестілеуден өтіп жатыр. Қарашаның соңына дейін іске қосамыз. Көп талап етілетін құжаттарды еgov mobile қосымшасына цифрлық түрде шығарылды. Цифрлық құжаттар қызметіне жеке куәліктен басқа жүргізуші куәлігі, дипломдар және басқа құжаттар шығарылады. Мұндай құжаттар түрі әлі де көбейеді».

Айта-айта тізесі шыққан ауылға интернет тарту мәселесі де жаңаша әдіспен шешілмек екен. Мусин мырза Қазақстанда 1200 ауылда интернетке қосылған арнайы киосктер орнатылатынын да жеткізді. Олар арқылы аудан әкімдігі, халыққа қызмет көрсету орталықтарына, денсаулық сақтау мекемелеріне видеобайланыс арқылы жүгінуге болады екен. Жиын барысында электронды еңбек биржасы жұмыс іздеушіге бос вакансияларды автоматты түрде ұсынатыны айтылды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді. Ал жұмыс таппағандарға әлеуметтік төлем автоматты түрде тағайындалатын болады екен.

БІРЖАН НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
«Жұмыс табылмаған жағдайда ақпараттық жүйе автоматты түрде адамды жұмыссыз ретінде тіркейді. Оған жұмыссыздыққа байланысты тиісті әлеуметтік төлемді проактивті түрде есептеп, тағайындайды. Осылайша, бірнеше қызметті біріктіріп, бизнес процесін жеңілдетіп, цифрлық жұмыспен қамту орталықтарына көшу жолындамыз».

Үкімет басшысы Асқар Мамин электронды қызмет көрсету жүйесінің жұмысы жақсы жүргізіп жатқан өңірлерді атады, үлгі ретінде көрсетті. Ал Алматы облысы мен Шымкентте тиісті деңгейде жұмыс жасалмай жатқанын ескертті әрі  бірқатар тапсырмалар жүктеді.

АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
«Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді eGov Mobile-ға ауыстыру бойынша жоспарды бекітуді тапсырамын. Жалпы, 2021 жылы «қағаз» анықтамалардың қажеттілігін толығымен жоюымыз керек. Азаматтарға арналған барлық онлайн-қызмет пен сервистердің 100 пайыз қолжетімділігін қамтамасыз етуіміз қажет».

Үкімет басшысы электронды қызмет көрсетудің үлес салмағын арттыруды тапсырды. Бір бірімен тығыз қарым қатынаста жұмыс істейміз деген министрлер «құп!» деді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі біраз шаруаның басын қайырамыз деп отыр. Ведомствоның сөзі мен ісі бір жерден шықса игі.

X