Шошқа фермасы жабылсын! Ақтөбедегі Бестамақ ауылының тұрғындары билікке талап қойды. Әйтпесе таза ауа мен өзен-көлден жұрдай, дімкәс ұрпақ жайлаған аймаққа айналамыз дейді. Ауыл халқы неге дүрлікті? Бүтін бір ауылды екі иіннен әрең демалдырып қойғанына кәсіпорынның басшылығы не дейді? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Осымен демаламыз, міне мынау ішек-қарындары. Басы-аяғы, бәрі осы жерде…»
Жұртты елең-алаң қылған видео Алға ауданы Бестамақ ауылында түсірілген. Таяқ тастам жерде малшаруашылығы кешені тұр. Ауылдықтар оны шошқа базасы атап кеткен.
Тұрғындардың наразылығын тудырғаны, мінекей, мына шұңқырлар. Шошқаның өлексесін арнайы өңдегеннен кейін ғана осында көмуі тиіс. Алайда, өздеріңіз көріп тұрғандай, жануардың ішек-қарны, өлекселері мынадай болып ашық-шашық жатыр. Ал одан шыққан иіс қолқаны қабады».
Кешеннің маңына жиналған қара-құрым халықтың талабы — ферманың жұмысын тоқтату. Жергілікті билікке базыналарын айтқанына алты жылдан асқан. Шағымдарын жазбаша да жеткізген. Бірақ, нәтижесін көрмедік дейді.
МАҚСАТ ЖОЛДЫБАЕВ, БЕСТАМАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Жабу керек шошқа базасын. Суға құйып жатыр боқтығының бәрін. Міне, қырылды балықтың бәрі. Бұл анда барып құйып жатқан шығар. Мұны мал да, адамымыз да ішіп жатыр. Осылай жағдай! Анда шешем мен бауырым жатыр молада. Басына бара алмай отырмын! Қазып тастаған айнала!».
Ауылдықтар экологиялық ахуалға да алаңдайды. Ферма жұмысын бастағалы, таза ауаның не екенін ұмыттық дейді. Тіпті, сасық иіс тек Бестамақ емес, айналасындағы ауылға дейін жетіпті. Ашынған жұрт қысы-жазы есік-терезесін қымтап отырып шаршаған.
ЕРБОЛАТ КЕНЕТАЕВ, БЕСТАМАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Шошқа өлексесі жақын жерде төгіліп тұр. Әкеліп төккен кезде мына Бестамақ емес, ана тұрған Бесқоспа, мына тұрған Алғаға дейін тіпті иіс деген қай жақтан жел соқса, мүңкіп демала алмаймыз».
Ауыл маңында ашық-шашық жатқан өлексенің видеосы әлеуметтік желіде жарияланғаннан кейін құзырлы орындар мәселеге назар аударды. Жиналғандармен жүздесуге аудан әкіі келді. Бірақ, халық мәселеге облыс әкімінің араласуын талап етті.
— Облыс әкімінің хабары бар ма?
— Көріп отыр.
— Хабары бар ма?
— Бәрін біледі.
Қаумалаған жұрт алдына шыққан доңыз фермасының өкілі 20 күн бойы жануардың ішек-қарнын заңсыз төккендерін мойындады. Өйтпеске амалымыз болмады деп ақталды. Қалдықты өңдейтін құрылғылары істен шығып, пандемия басталып, ауыстыруға мүмкіндіктері болмапты.
НҰРЫМ ҚҰМАРОВ, КӘСІПОРЫННЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: «Ішектер іштегі қалған, көміп тастап жатырмыз.
-Неге?
Бізде экструдер бар, сол сынып, каустический содамен араластырып, көміп тастадық.
— Заңсыздыққа жол бергендеріңізді мойындайсыздар ма?
— -Иә».
Кешеннің жұмысын дәл қазір тоқтатса, жануарлар көбейіп, эпидемия жайлап кету қаупі бар. Бұл- ферма өкілінің айтқаны. Ал аудан әкімі арнайы комиссияның шешімін күтеміз деді. Жұмыс тобы бірқатар кемшілікті анықтаған.
МАМЫРҒАЛИ АҚҚАҒАЗОВ, АЛҒА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: «Біраз кемшіліктер анықталды. Арнайы келген комиссия кемшіліктерді тексереді. Содан кейін қорытындысы бойынша дело сотқа беріледі. Соттың шешімімен ғана мекемені тоқтатуға болады».
Фермада 40 мың доңыз бағып отыр. Күніне 280 жануарды бауыздайды. Құрылғы істен шыққан 20 күннің ішінде кәсіпорындағылар 6 мың доңыздың өлексесін шұңқырға тастаған.