2:05 Тікелей эфир «АЙНА» бағдарламасы
2:30 Эфирде әрі қарай «П@УТINA» бағдарламасы

«Болашақ» стипендиясының жемісі

Ел жастарына әлемнің үздік оқу орындарында білім алуға мүмкіндік берген «Болашақ» бағдарламасына биыл 27 жыл. 1993 жылы тұңғыш президенттің қаулысымен тағайындалған халықаралық стипендияға осы уақытқа дейін 14 мыңға жуық азамат қол жеткізген. Шекара асып, ширап, тәжірибе жинап келген отандастырымыздың дені еліміздің әр саласында табысты еңбек етуде. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Болашақ» бағдарламасының грантын иеленгендер қай мемлекеттерді таңдайды? Халықаралық бағдарламалар орталығының дерегінше 44 пайызы Ұлыбритания мен Ирландияға аттанады екен. 41 пайызы Ақш пен Канаданың университеттерінде білімін жетілдіруде. Қалған 13 проценті Еуропаның өзге мемлекеттерінде, Азия елдерінде, Аустралияда және Ресейде оқып жатыр.

Шалғайдан шығып, шетелде білім алған жастың бірі — Жамбыл облысы Аққұм ауылының тумасы — Абай Отар. Ұлыбританияның Лидс университетінде халықаралық журналистиканы меңгерген  «Болашақ» түлегі бұл күні республикалық басылымда еңбек етуде.

АБАЙ ОТАР, «ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ГАЗЕТІНІҢ ШОЛУШЫСЫ
«Адамның әлеуметтік жағдайына қарамастан, шетелде білім алуына, шетелде үйреніп келген тәлімін елге келіп падалануға зор мүмкіндік берді. Негізгі артықшылық осы деп ойлаймын.  Осыған ұқсайтын бағдарламалар шетелдерде бар. Арабияда, Әзірбайжанда бар. Бірақ олар дәл «Болашақ» сияқты сәтті болып жатқан жоқ. Тиімділігін беріп жатқан жоқ. «Болашақ» шетелде оқып қана келмей, Қазақстанға қайтып келіп, сонда үйренген нәрсесін елге пайдасын тигізіп жатыр деп толық айта аламын».

Британ аралдарында білімін толықтырған тағы бір азамат  Қанат Әуесбай. Журналист оқу оқып қана емес, көкжиегі кеңейіп, көп дүниені көкейіне тоқып қайтқанын айтады.

ҚАНАТ ӘУЕСБАЙ, «АТЫРАУ» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Ең үлкен мүмкіндіктір бірі  кемшіліктерімізді көріп, артықшылықтарымызды бағалап, біз қай тұрғыда артта қалдық, қай тұрғыда дамыдық деген сұраққа жауап табу үшін шетелде өмір сүріп көру керек, шетелде тұрып көру керек, білім алып көру керек деген ойда қалдым. «Болашақ» бағдарламасы бізге осы мүмкіндікті берді. Менің үнемі айтатын сөзім бар. Бабасының табаны тимеген жерге, баласының қаламын тигізген болашақ».

Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өткен хирург Бахтияр Ташкенбаевпен байланысқа шықтық. Батыс Қазақстанда еңбек етіп жатқан ол, 10 жыл ішінде 5000 аса операция жасаған. Дәрігер 3 жыл бұрын үш қабатты үйдің төбесінен құлап, қоршаудың үшкір теміріне шаншылып қалған құрылысшының өмірі үшін 5 сағат бойы арпалысып,  аман алып қалған. Бұл ерлігі елге енді жария болып отыр.  Хирург бұл менің жұмысым деп қысқа қайырды. Әр жақтан ұсыныстар түсіп жатса да, әккі маман елде еңбек етемін деген антына адал қалатынын айтты.

БАХТИЯР ТАШКЕНБАЕВ, ХИРУРГ, ҚАН-ТАМЫР ХИРУРГЫ
«Әлімдегі озық технологиялармен, бізде жоқ технологиялармен сол жерде кездескенбіз. Соның бірсыпырасы соңғы 5 жылда біздің елде енгізіп жатыр.  Үлкен қалалардың бәрінен шақыртулар бар. Түркия, Аустралия,Канада, БАӘ жұмыс істеуге мүмкіндіктер бар. Ешқандай қиындығы жоқ оның. Ол жақта жалақы да жақсы. Бірақ та мен ойлаймын. Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болу керек. Біздің елде де жағдай жақсы».

«Болашақ» стипендиясын биыл 57 азамат жеңіп алды. Олар енді 27 түрлі мамандықта білім алуға аттанады. Ішінде иммунология, вирусология сияқты отандық медицинаға аса қажет салалар да бар. Лаура Демесінова шетелде оқығысы келетін үміткерлердің бәріне талап ортақ дейді. Кім конкурстан сүрінбей өтеді, жолдама сонікі.

ЛАУРА ДЕМЕСІНОВА, «БОЛАШАҚ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
«Бәрі ашық түрде. Қазір құжаттарды халықаралық бағдарламалар орталығы қабылдамайды. ЦОН арқылы өткізеді. Сондықтан менің ойымша ол тепе тең мүмкіндік. Ең жастысы ол жас , ол жас болмасын жасынан «Болашақ» шектеу қоймайды. Англия болсын, АҚш болсын, Ресей болсын тек үздік университеттерге баруға мүмкіндік жасалды».

Жыл өткен сайын «Болашақ» бағдарламасының тізіміндегі жоғару оқу орындардың саны қысқарып келеді. Өткен жылы стипендия өкілдері әлем бойынша 537 университеттің бірін таңдаса, биыл оның саны үш есе қысқарған. Сан емес, сапасына мән беріле бастаған. Жыл өткен сайын шетелде оқып, елге оралып еңбек жатқан отандастырымыздың қатары көп. Бұл — Елбасы бекіткен бағдарламаның тиімділігінің бір көрінісі болса керек.

X