0:30 Тікелей эфир Ночной кинотеатр. Фильм «СЧАСТЬЕ МОЕ»
2:05 Эфирде әрі қарай «АЙНА» бағдарламасы

Газ баллондары неге жарылады?

Елордадағы газ жарылысынан зардап шеккен тағы бір адам көз жұмды. Жансақтау бөліміндегі үш науқастың бірі ауыр хәлде жатыр. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Естеріңізде болса, бұл  астананың «Шұбар» ауданындағы екінші жарылыс. Оқыс оқиғадан соң дәмхана, мейрамханалармен іргелес тұрған үйлердің тынышы бұзылды. Арнамызға шағымданған жұрт газдың мүңкіген иісінен аулада жүру мүмкін емес дейді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Мына газға толы құрылғы қабырғаның ар жағындағы мейрамханаға тиесілі. Құдай бетін әрі қылсын әрине, егер бұл жарылатын болса, тұтас бір тұрғын үйді жайпап кетпесіне ешкім кепіл бола алмайды.

Елордадағы көпқабатты үйлердің көбі дәмхана, мейрамханалармен іргелес. Кейбірі бірінші қабытында орналасқан. Соңғы оқыс жайттардан соң мұндағы тұрғындардың мазасы қашты. Оған себеп те жоқ емес.

ГҮЛНҰР ТОЙЫМБЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
«Жаздың күні балконымызды ашатын болсақ, газдың иісі келеді. Сол себептен біз ешқандай демала алмаймыз. Подъездің алдына шығатын болсақ, екі күннің бірінде келіп, газ баллонды құяды. Құйған уақытта мына жерден жүру мүмкін емес. Иісі деген қолаң алады».

Қолқаны қабатын иістің өзі қауіптің барын білдіреді. Тұрғындар талай мәрте әкімдікке хат жазған. Бірақ бізде болары болған соң қимылдау қанға сіңіп кеткелі қашан дейді Ерболат аға.

ЕРБОЛАТ НҮСІПБЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
«Мынадай объемдағы газовый баллондардың жарылғаны, құдай жарылтпасын, егер жарылса, мына үйдің де мынаның да жартысын алып кетеді. Тура үйдің түбіндегі тұрған газовый баллонды мен ойлаймын, қалай мұны ұстап отырғанын таң қаламын. Қалай разрешение бергеніне мен таң қаламын».

ЕРМЕК ӘУБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
«Үш ресторанның ортасында тұрамыз. Қорқамыз. Мына бір баллонның өзі 35 емес, 100 баллонға татиды».

Төтеншеліктердің рейді де тоқтап тұр қазір. Себебі шағын және орта бизнесті тексеріп, профилактикалық жұмыстар жүргізуге тыйым салынған. Мараторий 2023 жылға дейін жалғасады. Бірақ бұл міндет жергілікті әкімдіктерге қарасты газ техникалық инспекциясына жүктелген. Алысқа бармай, Нұр-Сұлтанды мысалға алсақ. Мұнда тұтас мегаполистің газ қауіпсіздігін бар-жоғы 3-ақ маман бақылап отырған көрінеді.

ДУМАН ЖАЙЫЛБЕКОВ, ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ ГАЗ БӨЛІМІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКТОРЫ:
«Рейдтер жүргізу біздің құзіретімізге жатпайды. Біз газ құбырларын іске қосу алдында пайдалану уақытысындағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды қадағалаймыз. Бөлім басшысы мен екі маман бар сол үш адам осы жұмыстарды атқарады. Өнеркәсіптің несіне жататын 600 литрден мөлшері көп, кіші газ баллондар біздің құзіретімізге жатпайды.

Көп өңірдің көгілдір отынға қолы жетпей отыр. Сондықтан жұртқа газ баллондарын сатып ала салу жеңіл. Құнын қалтамыз көтереді. Бұл бір. Табу да аса қиындық тудырмайды. Бірақ дұрыс қолданбаған жағдайда, зардабы шаш етектен.

ТАЛҒАТ ҚАЙЫРЛЕНОВ ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БОЙЫНША БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
«Оқыс оқиғаларға талдау жүргізе отырып, жыл сайын көбейіп келе жатқанын аңғарып отырмыз. Тұрмыстық газ баллондарын қолдануда тұрғындар тиісті шарттарды елемейді. Баллонды әр 5 жыл сайын тексертіп тұру керек. Темір болған соң тозбай тұрмайды. Сондай-ақ тұрмыстық қолданыста ыстық заттардың жанына қоймау маңызды.  Батарея, пеш, жылыту құрылғылары секілді мысалы. Салқын жерден кіргізіп, бірден газды қосу да қауіпті».

Айтпақшы, елорда дәмханасындағы жарылыс құрбандарының саны тағы біреуге артты. Естеріңізде болса, бұл  астананың шұбар ауданындағы екінші жарылыс.

ӘЙГЕРІМ АРДАҚҚЫЗЫ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
«Пациент бастапқыда қолайсыз болжаммен өте ауыр халде ауруханаға түсті. Науқаста бас миының соғылуымен, бас миының ауыр жарақаты болған. Жүргізілген емдеу шараларына қарамастан, науқасты аман алып қалу мүмкін болмады».

Ал өткен аптада Ақтөбе облысында үш адамды күйік шалғаны белгілі. Торғайда да 9 адам дүмпу астында қалып, тұтас бір шаңырақтың қара жамылғаны есте. Мұндай оқыс оқиғалар елімізде жыл сайын жоқ дегенде 30 рет тіркеледі. Адам шығыны өз алдына, кіріптар боп қалғандары қаншама?!

X