20:00 Тікелей эфир «АНАЛИТИКА»
20:45 Эфирде әрі қарай Многосерийный фильм «РЕЦЕПТ ЛЮБВИ»

Үкімет Aзия даму банкінен 1,5 млрд еуроны қарызға алмақшы

Үкімет Азия даму банкінен 1,5 млрд еуро қарыз алмақ. Бұл қаржы пандемияның салдарымен күресуге және ел экономикасын қалпына келтіруге жұмсалады. Мәжілістің жалпы отырысына қатысқан Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше,  шетелдік банкпен жасалған келісімшартқа сәйкес, елімізге қарыз екі бөлікпен келмек. Әуелі 908 млн 596 мың еуро, кейін 661 млн 800 мың еуро көлемінде қаржылай көмек  беріледі. Дегенмен, алмақтың салмағы да бар. Қып-қызыл ақшаны  мемлекет 3 жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда 15 жылдың ішінде қайтарып беруі тиіс. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

ЕРҰЛАН ЖАМАУБАЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
«Келісімге бекітілген шарттарға сәйкес, қарызға қызмет көрсету және оны өтеу республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады. Көрсетілген қаражатты тарту бюджеттің бекітілген тапшылығы жағдайында аса қажет болып отыр. сондықтан келісімнің жақын арада күшіне енуі маңызды. Бұл қаражат Азия даму банкінің пандемияға күрес жөнінде арнайы шешімімен ҚР үшін осы жылға резервке қойылған.»

Қаржы министрінің мәліметінше осы сомма нақты үш бағыт бойынша жұмсалады. Атап айтқанда, коронавируспен ауырған науқастардың емі мен дәрігерлердің үстемақысына, ел экономикасын тұрақтандыру , сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған екен. Айта кетейін, осыған дейін «әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан» вируспен күреске деп 154 миллиард теңге бөлінген еді.

НҰРЛАН НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
«Мұнда маңызды бір мәселе бар. Бұған дейін Үкіметтің 3 жылға арналған бюджетін қарастырдық. Ол жерде де коронавирус инфекциясымен күреске қаражат бағытталмақ. Енді қарыз аламыз. Бұл да пандемия салдарымен күреске жұмсалады. Мұның барлығы мақсаты түрде бағытталуы керек. Ақшаны оңды-солды шашуға болмайды. Сіз осыны бақылауда ұстаңыз».

Сондай-ақ,  мәжілісмендер  сенаторлардың салық кодексіне енгізген түзетулерін де мақұлдады. Оған сәйкес, келер  жылдан бастап азаматтарға  зейнетақы жинағының бір бөлігін алу кезінде ұсталатын жеке табыс салығының мерзімін кейінге қалдыру құқығы берілмек. Заң жобасы Президентке жолданды.

 

X