Шымкентте 70 жастағы әжені зорламақшы болған ер адам ұсталды. Ол кейуананы көпқабатты тұрғын үйдің кіре берісінде есінен тандырып, арам ойын іске асырмаққа ниеттенген. Осы жағдайдан кейін күдікті тәртіп сақшыларынан 3 тәулік бойы қашып жүріп, ақыры қолға түсті. Қазір, оған қатысты қылмыстық кодекстің қос бірдей бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полицейлердің сөзінше ол алғашқы күні-ақ, өз кінәсін толық мойындапты. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Әлеуметтік желіге кең тарап кеткен мына видеода белгісіз ер адамның әжені буындырып, жерге құлатқан сәтін байқауға болады. Ізінше, тонауға кіріседі. Қалтасынан бар ақшасын сыпырып алған ол аздап есін жия бастаған кейуананы одан әрі жұдырықпен соққыға жығады. Сорақысы сол, қимылсыз жатқан апаны зорламаққа бел буады. Кенет әлденеден секемденіп, орнынан тұра сала бой тасалап үлгереді.
Бұл оқиға бүкіл тәртіп сақшыларын аяғынан тік тұрғызды. Шұғыл тергеу тобы құрылып, қылмыстық кодекстің «Зорлауға әрекет ету» бабымен іс қозғалды. Жан-жақты іздестірудің барысында күдіктінің жеке басы анықталды. Ол бұған дейін бірнеше мәрте сотты болған, қала тұрғыны екен. Сол-ақ екен күдіктінің суреті жан-жаққа тарап кетті. Көп ұзамай, жалға берілетін пәтерлердің бірінде жасырынып жатқан жерінен ұсталды.
НҰРДІЛДӘ ОРАЗ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Тергеу амалдарын жүргізу барысында бұдан басқа күдікті жәбірленушінің күртешесінің қалтасынан 8 мың теңгеге жуық ақша ұрлағаны анықталды. Ол өзінің кінәсін толығымен мойындады.
Осы күні, күдіктімен селфиге түскен полицейдің әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
Бірі тәртіп сақшысын қолдаса, енді бірі қалжыңдап пікір жазуда. Қазір қалалық Полиция департаменті оған қатысты қызметтік тергеу бастаған. Ал, тұрғындар зейнеткерге күш қолданған азғынды қатаң жазаға тарту қажет дейді.
СЕЙІТЖАППАР СЕЙІТБЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Енді бұл иттік қой. Зорламақшы болған. Ондайды ату керек. Дұрыс па айтқан. Ол өкімет түрмеге отырғызады. 5-6 жылдан кейін қайтіп келеді, қайтадан істейді оны».
Зорлықтың құрбаны бола жаздаған кейуананың көршісі сұмдық жағдайды бізден естіп білгенін айтты. 5 қабатты тұрғын үйде өзі секілді жалғыз басты зейнеткерлер көп дейді.
ТАМАРА АЛЕКСАНДРОВНА, ЗЕЙНЕТКЕР: «Бұл не деген сұмдық. Қорқынышты жағдай ғой. Адамгершілік қайда қалды?»
Қазіргі таңда, күдікті Шымкент қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау абақтысына қамалды. Оған қатысты «тонау және зорлауға оқталу» баптарымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Қылмыстық әрекеттері дәлелденсе, 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.