20:00 Тікелей эфир «АНАЛИТИКА»
20:45 Эфирде әрі қарай Многосерийный фильм «РЕЦЕПТ ЛЮБВИ»

25 желтоқсаннан бастап карантиндік шаралар күшейтіледі

Елімізде мереке қарсаңында коронавирустың жаппай белең алуына байланысты шектеу шаралары күшейтіледі. Барлық қоғамдық орындардағы жаңажылдық отырыстарға тайым салынады. Бұл жөнінде ведомство аралық комиссия отырысында премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді. Ал, Еуропа елдерінде COVID-19 инфекциясының жаңа штаммы белең алып барады. Мамандар бұл ауру коронавирустан да қауіпті деген пайым айтты. Елдегі ахуал қалай? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Коронавирус елімізде әлі де өршіп тұр. Соңғы тәулікте COVID-19 белгісі бар 681 адам тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, қазір вирустан елімізде 25 мыңнан астам адам ем қабылдап жатыр. Оның 4 мыңнан астамы ауруханада екен. Ал, мереке қарсаңында вирустың таралуына жол бермеу үшін шұғыл жиын өткізген премьер-министр бірқатар шектеу енгізілетінін мәлімдеді.

АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
«25 желтоқсаннан 5 қаңтарға дейін бұқаралық іс-шараларға оның ішінде жаңажылдық ертеңгіліктер, мерекелік корпоративтік кештерді өткізуге тыйым салынсын. Әкімдер өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайларға байланысты шұғыл түрде шаралар қабылдасын. Қоғамдық орындарды, мектептер мен балабақшалардағы дезинфекциялау жұмыстарына назар аударылсын. Сондай-ақ, вакцина егу орындарын дайындауды тапсырамын».

Ал, осы бір кеселдің алдын-алу үшін елімізде отандық вакцина шығарылады. Ол препарат Қарағанды қаласының фармацевтикалық кешенінде дайындалады екен. Жылына 2 млн дана екпе әзірлену жоспарланып отыр. Кәспорын басшылығы вакцинаны жаппай қолданысқа шығаруға дайынбыз, — дейді.

СЕРГЕЙ БАРОН, ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ КЕШЕННІҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
«Біздің кәсіпорында вакцинаның дайын түрі шығарылады. Осы фармацевтикалық кешен еліміздегі мұндай жұмысқа ең дайын компания болып шықты. Вакцина — бұл да биотехнологиялық өнім. Сондықтан, өндіріс кезеңінде, құрал-жабдықтарды қамту жағынан қиындықтар болмайды. Мамандардың барлығы өзіміздікі. Біз толық дайынбыз».

Вакцина шығаратын зауыттың жұмысымен ел премьер-министрі Асқар Мамин танысып келді. Екпе 2021 жылдың ақпан айынан бастап ерікті түрде жүргізіледі. Жауаптылар тұрғындарды қыстап, мәжбүрлемейді екен. Бірінші кезекте препарат алдыңғы шепте жүрген азаматтарға егілетін көрінеді.

«Спутник-V» атты вакцинаны жаппай егу жұмыстары елімізде 2021 жылдың ақпан айында басталады. Ең бірінші кезеңде медициналық қызметкерлер, педагогтар, студенттер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері мен созылмалы аурулары бар қауіпті топтың адамдарына ерікті түрде салынады».
ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ АСҚАР МАМИННІҢ МӘЛІМДЕМЕСІНЕН ҮЗІНДІ.

2020 жылдың тауқіметі мұнымен бітпейтін түрі бар. Өткен демалыста Ұлыбританияда ғалымдар корнавирустың жаңа мутацияланған түрі SARS-CoV-2 штаммын анықтады. Жауаптылар дереу кеңес өтізіп, табылған вирус бұрынғыдан қауіптірек деген қорытындыға келген. Қазір, «Тұманды Альбион» шекарасын жауып, халықаралық рейстердің санын қысқартып жатыр. Ал, туристер елдеріне қайтуға асық.

«Мен Исламабадқа кетуім керек. Қазір мұнда жағдай ушығып тұр. 14 желтоқан күні ұшып келгенімде бәрі орнында еді. Енді, елімізге қайта алмай тұрмыз. Не істерімізді білмейміз».
«Негізі, Лондонда туристер көп емес. Өткен жұмада қыдырып келгенбіз. Енді, жаңа вирус анықталды деп әуежайдан шығармай жатыр. Енді, күтеміз жағдай оңалғанын. Бәрі дұрысталып кетеді деген үміт те жоқ емес».

Көпшіліктің Рождество мерекесі қарсаңында карантиндік шаралар жеңілдетілсе деген арман-тілектерінің күлі көкке ұшты. Себебі, коронавирустың жаңа түрі көз ілеспес жылдамдықпен тарап жатыр екен. Бір ғана Ұлыбританияда ғана емес, «Аралды мемлекеттің» одақтастары да қатаң шараларды енгізуге мәжбүр. Мәселен, Шотландия да карантинге жабылады. Ал, Солтүстік Ирландия бірден алты апталық локдаун жағдайына енді.

ГРАНТ ШЭППС, ҰЛЫБРИТАНИЯ КӨЛІК МИНИСТРІ:
«Шын мәнінде коронавирустың жаңа штаммы басқа да елдерге жетуі мүмкін. Қазірдің өзінде, осындай ақпараттар тарап жатыр. Сондықтан, біз шекараны бекітіп, шет елдерге рейстердің санын қысқартуға шешім қабылдадық. Бірақ, бұл жаппай вакцинация бағдарламасына әсер етпейді».

Айта кетейін, осы уақытқа дейін вирустың таралуы жағынан «қызыл аймақ» қатарында болған Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы мерекелік шектеулерден соң қайта «жасыл аймаққа» өтті. Бүгінде COVID-19 инфекциясы көп таралып жатқан аймақтар тізімінде Атырау облысы ғана қалды. «Сары аймақта» Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстары бар. Қалған өңірлерде жағдай бірқалыпты.

X