Көлденең көк аттының сандырағы! Еліміздің сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді кейбір ресейлік саясаткерлердің Қазақстан жеріне қатысты айтқан пікірлеріне осындай баға берді. Бұл мәселені бүгін Мәжілісте депутат Омархан Өксікбаев көтерген еді. Ол министрдің Парламентке келгенін пайдаланып, ведомствоның Ресей тарапына жіберген ресми нотасының жауабын сұрады. Алайда, халықаралық талаптар бойынша мұндай құжатқа жауап берілмейді екен. Бірақ көрші ел Үкіметі Қазақстан үшін бұл қағидатты бұзған. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
МҰХТАР ТІЛЕУБЕРДІ ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ
«Бірақ бізге шара қабылдағандары туралы хабарлады. Олар Парламентпен және Президент әкімшілігімен байланысқа шығып, мұндай мәлімдемелерге қатысты сыни көзқарасын білдірген. Федоровтің кешегі сөздері қазақ ретінде, Қазақстан азаматы ретінде менің намысыма тиеді. Еліміздің тарихын білетін адам ретінде мен бұған орыс тілінде «это бред сивой кобылы» деп жауап қайтарар едім. Мұндай жағдай орын алғанда ең алдымен тарихқа жүгіну керек. СІМ басшысы ретінде бұл Ресей Федерациясының ресми ұстанымына сәйкес келмейтіні сөзсіз екенін айтқым келеді»