Алматы облысында 150 теңге үшін автобус жүргізушісін ұрып-соққандар ұсталды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. Тексеріс барысында анықталғандай, жанжал жолаушы мен жүргізуші арасында шыққан. Қоғамдық көліктің камерасына түсіп қалған видеоға қарағанда, екі ер адам сөзге келісе алмай қалып, соңы төбелеске ұласқан. Кейін жолаушы ұлына хабарласыпты. Досымен бірге келген ол тізгіншіні бірнеше рет ұрған. Күдіктілер Талғар ауданына қарасты Нұра ауылының тұрғындары, яғни жолаушының 28 жастағы ұлы және оның 21 жастағы досы болып шықты. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, автобус жүргізушісі жеңіл жарақат алған. Әкімшілік кодекс бойынша іс қозғалып, нақты шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Еске салайық, оқиға 20-шы желтоқсанда Іле ауданындағы Жетіген ауылында болған. Ұсталғандар қоғамдық көлік жүргізушісінен кешірім сұрады.
ЖАНЖАЛҒА ҚАТЫСУШЫ: «Шатақтың бәрі содан шықты. Кейін ана 150 теңгені мен айттым екі рет төлеп қойдым ғой уже, 150 теңгенің ақшасын қайтарып алайын дедім. Айқай-шу шықты екеумізден. Серіктің жағамнан ұстағаны болмаса, содан мен шыдай алмай кеттім. Айтқан сөзі шақыратыныңды шақырып ал, күнде осындай айқай-шу, сен сияқтыны күнде көремін деді. Содан мен ашулықпен балама звондап жіберіппін ыза болып. Сенен кешірім сұраймын артық кеткеніме».