Елорда іргесіндегі ауыл сегіз жыл бойы жарықсыз отыр
7 января 2021
Жарықсыз отырғанымызға сегіз жыл болды. Жағдайдың өзгеретін түрі жоқ. Елорда іргесіндегі Тайтөбе ауылының тұрғындары арнамызға осындай шағыммен хабарласты. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Қуаныш Насимолдиннің астананың іргесіне көшіп келіп, үй салғанына 10 жылға жуықтаған. Содан бері орталықтандырылған электр энергиясы дегенді көре алмай келеді. Амалының жоқтығынан көрші шағынауданнан айына 15 мың теңгеге жарық сатып алып отыр.
ҚУАНЫШ НАСИМОЛДИН, ТАЙТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Бензин құйып мотормен де отырамыз. Ол да уже күйіп кетті. Қанша адам трансформатормен тартып жатқандар бар. Отырмыз енді амалсыздан. Әкімге де бардық. Бар мән жайды айттық. Ол кісілер айтады міне құрамыз үйтеміз-бүйтеміз деп. Сегіз жыл бойы алдап келді. Шыдамның да шегі бар ғой деп сіздерді шақырдық».
Бүгінде Тайтөбе төрт бөліктен қүралған үлкен ауылға айналған. Соның бірінде ғана жарық бар. Өзге бөлікте тұратын азаматтар әбден қиналғандарын айтады. Көршілерден сұрап алған тоқ жиі істен шығатын көрінеді. Соның кесірінен тілсіз жаудың құрбанына айналғандар бар.
ДӘУКЕН ҚАДЫРБАЕВ, ТАЙТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Бәрі светтің артында. Свет то жанады то сөнеді. Қанша приборлар күйіп кетті. Кім оны қалпына келтіреді. Сұрауымыз сол светті қосса, часный свет бәрі. Жел басталса свет сөнеді. Сосын пеш жарылады. Үйлер күйе бастайды. Бәрі бір бірімен байланысты».
РОЗА ЕСБОЛҒАНОВА, ТАЙТӨБЕ АУЫЛЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Биылдың өзінде 4 өрт болды. Осы мәселенің бәрі өмірге қиындық тудырып жатыр. Ең бастысы жарық. Осы свет мәселесін шешіп беруді сұраймыз».
Ауыл толық жарықпен қашан қамтылады деген сауалды жергілікті атқарушы билікке қойдық. Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Тайтөбеге толық тоқ тартуға 500 миллион теңгедей керек екенін айтты. Ауданда әлеуметтік мәселесі шешілмген 50 елді мекен бар, барлығын кезек-кезегімен реттеп келе жатқандарын алға тартты.
ҚАНАТ АҒЗАМҰЛЫ, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
«Құрылысқа қаржы бөлінсін деп облыстық, республикалық бюджетке өтінім жазамыз. Әзірге қаражат жоқ. 2021-22 жыл. Екі жыл шамамен күту керек. Оның өзінің процедурасы болады. Ол бір уақытта істелетін жұмыс емес».
Қысқасы, сегіз жыл орталықтандырылған жарықты күтіп отырған тайтөбеліктерге тағы бір-екі жыл амалдай тұруға тура келетін сияқты. Ғайыптан тайып, бюджеттен қаражат табыла кетпесе, бұл азаматтар он жылды артқа тастап барып бірақ мәселелерінің шешімін көрмек.