Экономиканың еңсесін қалай көтереміз?
26 января 2021
Пандемия әлемдік экономиканы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңдегідей жағдайға түсіріп жіберді. Бұл Қазақстанға да кері әсер етті. Ал осы қиындықтан қалай шығуға болады? Үкіметтің кеңейтілген жиынында ел экономикасының еңсесін тіктеу жайы да сөз болды. Екі жарым сағатқа созылған жиында күрделі әрі келелі мәселелер қозғалды. Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар әкімдерге ескерту жасады әрі өзі белгілеген бірқатар тапсырмалардың орындалмай жатқанына баса тоқталды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Үкіметтің кеңейтілген отырысының жоспары бірден бекітіліп, спикерлер бірінен соң бірі есеп бере бастады. Жиында алғаш болып сөз алған Асқар Мамин, Үкіметтің 2021 жылға арналған жұмысының басты мақсаты — Қазақстан экономикасының өсімін 3% деңгейінде қамтамасыз ету деді».
Ұлттық банк төрағасы пандемия экономиканы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңдегідей жағдайға түсіріп жібергенін жеткізді. Алайда, биыл жағдайды тұрақтандырып алуға болады екен.
Мемлекет басшысы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне екінші деңгейлі банктердің барлық алдына қойған талаптарды мүлтіксіз орындауын тапсырды. Ал Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің басшысы Қайрат Келімбетовке «естуші мемлекет» концепциясының нақты іске асуын қадағалауды айтты. Президент пандемияға қарамастан шағын және орта бизнесті қолдау жалғасуы керек дегенге тоқталды. Өз ісін адал атқарып жатқан бизнес өкілдеріне қысым жасауға болмайды деген ойын ортаға салды.
«Президент жиын барысында кейі облыс әкімдерінің жұмысына да тоқталды. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы жарықтандыру проблема болса, Қызылорда облысында әлі шешілмеген мәселелер бар екен».
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Гүлшара Наушақызы, халықты баспанамен қамтамасыз ету өзекті мәселе. Статистикаға қарасақ, былтыр Қызылорда облысында құрылыс қарқыны 27 пайызға төмендеген. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру 20 пайызға азайған. Бұл мемлекет бойынша ең төменгі көрсеткіш.
Президент үкіметке 1 қыркүйекке дейін мемлекет шекарасында заңсыз тауар айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, экономикалық қылмысқа баратындардың да шаруасын біржақты қылу керек екенін еске салды. Биыл Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторий мерзімі аяқталады. Осыған орай, Жер жөніндегі комиссияның жұмысын қайта жанданады. Мемлекет басшысы кодекске түзетулер енгізілуді тапсырды әрі Үкіметке жыл соңына дейін пайдаланылмай жатқан жайылымдарды қайтаруды жүктеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай жатыр. Соның салдарынан ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Әсіресе Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтардың иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 млн гектар жайылым жер бос жатыр».
«Биыл біздің ел егемендіктің 30 жылдығын атап өтеді. Президент қолға алынған реформаларды қарқынды түрде жүзеге асыру керектігіне тоқталып, мерейтой кезінде артық даңғаза мен ысырапшылдыққа жол берілмейді деп кесіп айтты. Басты мақсат азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартып, табысын арттыру деді мемлекет басшысы.