Мектеп оқушысы 8 адамды атып өлтірді
11 мая 2021
Мектептегі қырғын. Мұздай қаруланған бозбала орта білім ордасына баса көктеп кіріп, сегіз адамды атып тастады. Оқушылар жанұшыра жан-жаққа қашып, есікке сыймағаны үшінші қабаттың терезесінен секірген. Қаннен-қаперсіз жұмыс күнінде қас пен көздің арасында мектепті азан-қазан қылған Қазандағы қанды қырғын жайлы келесі сюжетте. Мектептің маңындағы тұрғындар әуелі не болғанын түсінбеген. Тарс-тұрс еткен дыбыстарды естіп, телефонға түсіріп тұра беріпті. Дәл осы кезде білім ордасының ішінде жеткіншектер бірінен соң бірі оққа ұшып жатыр еді.