Қақаған аязда баласын далаға тастап, қашып кеткен келіншек ұсталды. Безбүйрек ананың жаға ұстатарлық әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. 33 жастағы әйел бір жасар ұлын Павлодар автовокзалы маңындағы аялдамаға қалдырып кеткен. Мұны көрген куәгерлер бірден полицияға хабарлапты. Жедел-іздестіру шараларына кіріскен учаскелік инспекторлар екі сағаттың ішінде көкек ананы және оларды Семейден Павлодарға жеткізген такси жүргізушісін де анықтап, ұстады. Ал нәресте дін-аман. Оны дәрігерлер облыстық балалар ауруханасына алып кеткен. Полицияның мәліметінше, әйел арам пиғылын алдын ала жоспарлапты. Белгілісі, ол жалғызбасты ана. Кәмелетке толмаған тағы бір ұлы әжесімен бірге Екібастұзда екен. Соңғы жылдары күдікті Тараз қаласында тұрған. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
НҰРЛАН МӘСІМОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСШЫСЫ: «Оперативным путем участковыми инспекторами… Жедел әрекет еткен учаскелік полицейлер 32 жастағы жеңіл көлік жүргізушісін анықтады. Ол Павлодар қаласының тұрғыны болып шықты. Айтуынша, ер адам «Indriver» мобильді қосымшасы арқылы жолаушыларды тасымалдаумен айналысады. 26-шы қараша күні ол келіншекті баласымен бірге Семейден Павлодарға жеткізіп, автовокзалда қалдырып кеткен. Баласын тастап, қашып кеткен әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды».