Қаһарман әйелдер
7 марта 2022
Туған жер, ердікі, не әйелдікі емес. Отанға деген махаббат жынысқа бөлінбейді. Халқыңның алдындағы парыз да сондай. Кешегі қаңтар қасіретінде Қазақстан үшін қасық қанын сарп етуге даяр, ерлермен иық тіресіп, елі үшін жанын беруден тайынбайтын аруларды көз көрді. Қаңтар оқиғасы кезінде отбасы-ошақ қасына қашпай, қасқайып қалтқысыз қызметін қалай да қалдырмауды қаперінде ұстаған қыз-келіншектердің ерлігін суреттеуге сөз жетпейді. Өйткені бірі қан-жоса болып, қаскөйлерден құтылу үшін есікті қаққан қайсыбір жанға да пана бола алды. Енді бірі әскери формасын дереу ауыстырып, қалың топтың арасында қорықпастан қызметтестеріне қорған, қалқан бола алды.