77 жастағы Джо Байден Америка Құрама Штаттарының 46-шы президенті лауазымына бір табан жақын. Алдын ала есеп бойынша ол сайлауда қазіргі мемлекет басшысы Дональд Трампты басып озды. Оны жеңісімен Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған бір топ мемлекет басшылары құттықтап та үлгерді. Сонымен, билік тізгінін қолына алатын демократиялық партия өкілінің жүргізетін саясаты қандай болмақ? Біздің елге қандай әсері болуы мүмкін? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Жасы жетпістен асса да әлі тың екенін көрсеткісі келді ме кім білсін, Джо Байден қолдаушыларының алдына жүгіре жортып шықты. Шықты да көсіле сөйледі.
ДЖО БАЙДЕН, АҚШ-ТЫҢ ЖАҢА САЙЛАНҒАН ПРЕЗИДЕНТІ
«Президент Трампқа дауыс бергендердің көңілі түсіп қалғанын білемін, түсінемін. Мен өзім де бірнеше рет ұтылыстың дәмін татқанмын. Ал енді бір бірімізге мүмкіндік берейік. Сайлау қарсаңындағы тартысты, у-шуды тоқтатып өзара байланыс орнатып тараптарды тыңдайық. Мен араздық тудыратын емес, керісінше барлығыңызды біріктіретін тұлғаға айналамын».
Джо Байден сөздің емес істің адамы екенін дәлелдемек. Ол мемлекетте рассизмді түбегейлі жойып, өршіп тұрған вируспен күреске ғалымдарды тартып, барша ел тұрғындарын бетперде тағуға шақыратынын айтты. Қазіргі таңда АҚШ-та 10 миллионға жуық адам коронавирус жұқтырып, 237 мың адам көз жұмған.
Америка жұрты екіге бөлінді. Бірі Байденді қолдап қуанса, Трамптың қолдаушылары қарсылық акцияларын бастап кетті. Республикалық партия өкілінің жеңілісін мойындайтын емес. Оның сайлау штабының адвокаты заңбұзушылықтар тіркелді дейді. Әсіресе пошта арқылы дауыс берген америкалықтардың бюллетеньдері бұрмаланды деген айып тағылып отыр.
РУДИ ДЖУЛИАНИ, ТРАМП ШТАБЫНЫҢ АДВОКАТЫ
«Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары бәрін шешетін болған ба? Мәссаған! Не болды сонда? Күлкіге қалмаңыздар. Кімнің жеңіске жеткенін сот анықтайды. Біз кем деген 3-4 штатта дауыс бұрмаланған деп есептейміз. Ондай заң бұзушылық өзге өңірлерде де болуы мүмкін. Біз арыз бердік».
Соңғы деректерге сүйенсек, саналған бюллетеньдердің 74,8 миллионы Байденге дауыс берген. Ал 70,5 миллион сайлаушы Дональд Трампты қолдаған. Сайлаудың соңғы қорытынды нәтижесі 14 желтоқсаннан кейін белгілі болады. Бірақ, ол уақытты күтпей Франция, Ұлыбритания, Германия сияқты түрлі елдің басшылары Джо Байденді жеңісімен құттықтап жатыр. Бұл тізімде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.
«АҚШ-тағы президент сайлауында жеңіске жеткен Джо Байденді шын жүректен құттықтаймын! Алдағы уақытта екі ел арасында жемісті ынтымақтастық орнайтынына сенім білдіремін».
ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ TWITTER ПАРАҚШАСЫНАН
АҚШ-тың жаңа президентін құттықтағандардың қатарында Владимир Путиннің есімі аталмады. Джо Байден билікке келе бірден болмаса да, кезегі келгенде Ресейге қатысты кезекті санциялар салуы мүмкін. Көрші елмен бір экономикалық одақта отырған бұл Қазақстанға да әсер ететін көрінеді.
ЕРЛАН МАДИЕВ, Н.НАЗАРБАЕВ ҚОРЫ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЛЕМДІК САЯСАТ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКА ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ
«Ресейге қарсы санкциялар енгізілетін болса онда экономикасына кері әсер етеді. Бұл өз кезегінде Ресейдің сыртқы саудасына кері әсерін тигізеді. Ресей еліміздің ең басты сауда-саттық әріптестерінің бірі.Екіншіден бұл рубльдің девальвациясына әсер етеді. Ал рубльдің девальвациясы әрине теңгенің позицияларына да керіс әсер ететіні анық».
Жаңа президент жасыл экономика саясатын ұстанатыны белгілі. Сайлауалды бағдарламасында алдағы төрт жылда экологиялық реформаға 2 триллион доллар бөлетінін жеткізген. Егер бұл жоба іске асса мұнайдың құны құлдырайды деген болжам бар.
МАҚСАТ ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ
«Ұзақмерзімді түсінікте бұл нені білдіреді? Жасыл экономикаға, жасыл энергетика көздеріне көшті деген сөз, мұнай дәуірінің аяқталып келе жатқанын білдіреді. Америка толығымен мұнайдан бас тартады. Біз жасыл энергетикаға көшеміз деген үндеу жариялайды. Ондай кезде әлем елдерінде, Опек те рөл ойнамай қалуы мүмкін. Мұнай бағалары сол 20 доллардан да төмен құлдыруы әбден мүмкін. Егер ондай жағдай болса мұнайлы елдердің экономикасын үлкен дағдарыс күтіп тұр деуге негіз бар.
АҚШ-та коронавирус дерті өршіп тұрғанына қарамай конгресс толыққанды президенттің инаугурациясын өткізуді жоспарлап отыр. Дональд Трамп сайлаудағы заңбұзушылықтарды дәлелдей алмаса Джо Байден келер жылдың 20 қаңтарында ант беріп, қызметіне кіріседі.