Ал, Ақтөбеде аты жаман ауруға шалдыққандар екі айдан бері ем ала алмай жүр. Науқастардың жақындары жанайқайын айтып, әкімнен көмек сұрады. Қатерлі ісіктің бетін қайтаруға дәрігерлер неге дәрменсіз ? Әрбір күні санаулы пациенттердің шағымына кім жауап береді? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Ну, как то может мелочь для них, но для нас это очень важно».
Салтанаттың алаңдап отырғаны — жақын апасының жайы. Екі-үш ай бұрын дәрігерлер 64 жастағы әйелге 3-ші дәрежелі қатерлі ісік диагнозын қойыпты. Сәулемен емдеу керек деп шешім қабылдаған. Алайда, Салтанат осы уақытқа дейін апасы тек сәуле терапиясының бір ғана курсын алғанын айтады. Кезекті емге барғанда, аппарат істемей қалған.
САЛТАНАТ ЖАСАНОВА, ТҰРҒЫН: «Аппарат лучевой терапии деген сынып қалды. Екі ай болды істемей тұрғанына. Өте қиын. Олардың әр күні санаулы. Онкология просто ауру емес, түсінесіз бе, көмектесуіңізді сұраймыз. Қолдау жасай ала а осы медакадемияның басшылары ма, акиматтың басшылары ма көмектессе дейміз».
Аппараттың азабын тартып жүрген жалғыз Салтанат емес. Бойжеткен шалғай ауданнан келіп, ем күтіп жүрген өзге де пациенттерді білем дейді. Жақыны үшін жанұшырып, жанайқайларын айтып тиісті мекемелерге де жазған. Бірақ, медициналық орталық университетке тікелей бағынатын болғандықтан, соңғы шешімді солар қабылдауы тиіс депті.
НАДИАР МУСИН, М.ОСПАНОВ АТЫНДАҒЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ: «Біреуі сынды, біреуі сервисное обслуживаниеде. 15-20 адам қазір емін ала алмайды. Себебі «MultiSource» емдеуі «внутриполостный» дейміз. Ол ішке кіріп «облучениені» қосамыз, тікішекке кіреміз, жатырға кіріп, «облучение» жасаймыз. Бірақ, терінің ісігін ол аппаратпен емдей алмаймыз».
Проректор аппарат істен шықты деп дәрігерлер қол қусырып отырмағанын айтты. Медициналық орталықта сәуле терапиясымен емдейтін 5 аппарат бар. Бұзылғандары іске қосылғанша, емдеу әдісі сәйкес келетіндерін жұмыс жасап тұрғандарына ауыстырыпты.
Онкологиялық аурумен ауыратындарға екі аппараттың іске қосылуын күтуге тура келеді. Медицина университетіндегілер осы айдың соңында қажет аппарат шетелден келеді деп сендірді. Жалпы, орталықта қазір қатерлі індетке шалдыққан үш мыңнан астам адам ем қабылдап жүр.