Ақтөбеде ондаған кәсіпкер құрылыс дүкенінің қарапайым менеджеріне алданып қалды. Ол карантинді сылтау етіп тапсырыс берушілердің бәрінен алдын ала ақша жинап алып, тауарды сол күйі жеткізіп бермеген. Ал қоластындағы өз қызметкерінің талай адамды сан соқтырып кеткенін жұмыс беруші де кеш білген. Бәрін алдап соққан алаяқ жігіт қазір қайда жүр? Кәсіпкерлер неден күдіктенеді? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Артурға алданып қалдық» деген бір топ кәсіпкер әділдік іздеп жүр. Артур деп отырғандары Ақтөбедегі ең ірі құрылыс дүкендер желісінің менеджері. 31 жастағы жігіт өзінің тұрақты клиенттерінен тауарға деп алдын-ала ақша жинап алады. Карантинді желеу етіп, тапсырысты ерте қабылдап жатқанын айтады. Ал кәсіпкерлер оның сөзіне имандай сендік дейді. Өйткені, екі жылдан бері бірге жұмыс істепті.
МАРАТ ДОСҚОЖАЕВ, КӘСІПКЕР: «Біздер 2 млн 23 750 теңге бердік. Екі машинаға. Как обычно заявка бердік, предоплата бердік. Ол тауарды бермей ақшаны алып, жоғалып кетті. Тауар да, өзі де жоқ».
НҰРСҰЛУ МАРАТҚЫЗЫ, КӘСІПКЕР: « Артур Саламатин менеджер болды. Айналдырған 2-3 сағаттың ішінде әрқайсымыздан 2-3 млн теңгеден алып, ұшты-күйлі жоғалып кетті. Тергеу кезінде бетпе-бет кездестіргенде ол ақша алғанын мойындады, бірақ, құрылыс дүкеніне әкеліп тапсырдым деді. Ол тек бізді емес, құрылыс дүкенін де сан соқтырып отыр ғой. Жазасын берсін деп талап етеміз. Істі азаматтық сотқа жібермесін, бүкіл дәлел бар. Неге сонша ұзақ тергеп жатқанын түсінбей тұрмыз».
Ақшаны дүкеннің кассасына да тапсырмастан, менеджер хабарсыз кетіпті. Ал жігіттің ата-анасы болса, ұлымыз жоғалып кетті деп іздеу салған. Кәсіпкерлер де, жұмыс беруші де сан соғып қалғанын сол кезде біледі.
ЕРҒАЛИ АМАНГЕЛДІҰЛЫ, ҚҰРЫЛЫС ДҮКЕНІ ҚАУІПСІЗДІК ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ: «Независимый аудит жасаған кезде шамамен 35-36 млн шығын шықты. Клиенттерімізден жабылып тұр жұмыстары деп айтты. Осындай сылтаумен олардан ақша жоқ екен деді».
Менеджердің үстінен 9 адам шағымдандық дейді кәсіпкелер. Келген шығынды 50 млн теңгеге бағалап отыр. Ал құзырлы органдар нақты соманы тергеу жұмыстары аяқталған соң жарияламақ. Прокурорлар істі қайта тергеуге жіберген. Күдіктіге қатысты «Аса ірі көлемдегі алаяқтық» бабымен іс қозғалған. Күдікті үй қамақта отыр.
АЛМАС ОРЫНҒАЛИЕВ, АЛМАТЫ АУДАНЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БӨЛІМ АҒА ПРОКУРОРЫ: «Кейбір сұрақтар ашылмаған тергеу кезінде. Сол сұрақтарды шешу үшін, көрсету үшін қылмыстық іс бойынша сотта дұрыс қарау үшін, объективно болу үшін жіберілді».
Қоластындағы қызметкерінің кесірінен қоймадағы тауарынан айрылған жұмыс беруші де, миллиондарын санап беріп, жер сипап қалған кәсіпкер де енді істің сотқа түскенін күтетін болады.







