Көптің талқысына түскен той көйлегі! Баян Алагөзованың қызы Айсәуле Бақытбектің қалыңдық көйлегіне көз сүзіп, бағасына бәс тіккендердің қатары көп. Қыз-келіншектер арасында әңгімеге арқау болған киімнің құны бастапқыда 95 миллион теңге екені айтылып, бұрымдылардың қызғанышы мен қызығушылығын тудырған еді. Тіпті аяғына киген туфлиі де миллиондаған қаражатқа сатып алынғаны туралы қауесет тарады. Атышулы продюсердің өзі бүгін біздің арнаға берген сұхбатында қаңқу сөздердің соңғы нүктесін қойды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Жұрттың түн ұйқысын төрт бөлген қалыңдықтың киімдері осы. Туфлидің құны — 1,5 млн теңге болса, шетелден сатып алған той көйлегінің бағасы — 250 мың доллар көрінеді. Теңгеге шаққанда 95 млнға жуық. Осындай ақпаратты естігендердің көбі қалыңдықты жерден алып, жерге салуда. Өйткені жалақыдан жалақыға күнелтіп жүрген жұрт үшін бұл ақылға қонымсыз. Бір туфлиінің өзіне сонша кетсе, басқасын сұрамай-ақ қояйық дейді. Ал бұл мәліметтердің қаншалықты рас-өтірігін білу үшін Айсәуленің анасы Баян ханымға қоңырау шалған едік. Көзі шарадай болды..
БАЯН АЛАГӨЗОВА:
«Бұл қып-қызыл өтірік, деген ақылға қонымсыз дүние. Мұндай ақпараттың қайдан шыққанын білмеймін. Біздің халық өзі сондай ғой. Ойдан құрастырып, шектен тыс асырып жібергенді жақсы көреді. Дегенмен жасырмаймын, көйлек арзан тұрмайды. Ал туфли болса, «Күлбике» киносындағыдай Айсауле үшін арнайы тапсырыспен тігілген».
Жұртты шошытпайын деді ме, Баян ханым әйтеуір көйлектің нақты құнын сол күйі айтпады. Тек оның арнайы тапсырыспен, италиялық ең қымбат маталармен, сондай-ақ түгел бағалы тастармен қапталып 1 ай бойы тігілгенін жеткізді. Алайда, шетелдік емес, отандық дизайнердің жұмысы екен. Ал, елдің көзқұртына айналған көйлектің шынайы бағасын білу үшін кәсіби мамандарға жүгініп едік. Олар да жарытып ештеме айтпады.
ҚАНАТ САУРАНБАЕВ, ДИЗАЙНЕР
«Оны мен былай деп айта алмаймын. Ол енді дизайнге байланысты. Оған қолданатын тастарға байланысты. Тастардың да өзінің қымбаттары бар, арзандары бар, сондықтан бағасы шексіз болып кете береді. Негізі қаражат жағынан келген кезде, шетелден алған ол бәрібір шетелге кетеді. Одан да қазақстандық дизайнерге тіккізіп, осы Қазақстанда қалса».
Бір қуантарлығы қанша ақша болса да, қаржы сыртқа емес, отандық өндірушінің қалтасында қалды. Ал осыған қатысты қарапайым халықтың ойы қақ жарылды. Жастары артық қаржымыз болса, неге кетірмеске десе, аға буын өкілдері мұны ысырапқа балауда.
— Бос шаруаның керегі не, бір күндік нәрсе, бір күн киесін, сосын тұрады
— Әркім өзі біледі ғой, қалтасына қарай көсіле береді ғой.
— 150 мыңға көйлек тіктірткеннің орнына одан да сол ақшаға жете алмай жүрген қарапайым халыққа жәрдем берген дұрыс деп ойлаймын.
— Артық ақшасы болса, мүмкін өзіне сондай жасауға болатын шығар.
— Менің айлығым 150-160 мың теңге. Қандай көйлек алуым керек мұндай ақшаға?
Если есть возможность, то почему бы и нет. Один раз живем.
Қалай десек те, жұрттан қалмайын деген ұстаныммен жүретін кей қазақ үшін, несие ала ма, қарызға бата ма, әйтеуір тойды абыроймен атқарып шығу бұл күнде міндетке айналған. Ең қымбат көлік, мейрамхана, асабасы тағы бар. Оны той ұйымдастыру агенттіктері де растап отыр. Сондықтан қалтасы көтермесе де тыраштанатындар сөйткенде, шоу-бизнес өкілдерінің мұндай әрекеттеріне таңғалудың еш қажеті жоқ, дейді олар.
БАЯНДЫ, ТОЙ ҰЙЫМДАСТАРЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Ең қарапайым тойлардың өзі 500 мыңнан басталады ғой. Содан басталады да, жоғарыға қарай кете береді. 5млн, 10 млн, 20 млн -50 млн- ға дейін кете береді. Безендіруі бар, рестораны бар. Шығыны жеткілікті. Шоу-программа, өнер жұлдыздарын әрқайсысы көргісі келеді. Сәнін келтірсе екен дейді»
Осылайша, жұртты таңғалдырудан жалықпайтын продюсер Баян Алагөзова тұңғышының ұзату тойын да дүркіретіп өткізді. Ал бұл той халықтың жадында әлі ұзақ қалатын сыңайлы. Сарапшылардың пікірінше, Айсәуленің тойы еліміздің ең қымбат тойларының бірі болып қала бермек.