Алматы облысында «Covid-19» індетін жұқтырған науқастың жағдайы жақсы

Алматы облысында «Covid-19» індетін жұқтырған науқастың жағдайы жақсы. Қарасай аудандық ауруханасында емделіп жатыр. Бірақ, жаман айтпай, жақсы жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы инфекцияның үдеп кетпесі үшін нақты 10 сақтық шарасын қабылдады. Егер аймақта вирус жұқтырғандардың саны артса, жұрт жатқызатын жер таппай сабылып қалмайды. Бөлек-бөлек бокстарда 150 төсек-орын дайын тұр. Сонымен қатар Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен блок-бекеттердің жанына медициналық тексеру пунктері қойылды. Онда дәрігерлер тәулік бойы кезекшілік етеді. Ал бекет қызметкерлері тепловизор, медициналық маска сынды керекті құрал-жабдықпен қамтылған. Жүктілік бойынша Алматы қаласында тіркеуде тұрған әйелдер, енді облыстағы кез келген емханаға кедергісіз тіркеліп, ауруханаға жата алады. Әрі, балаларға екпе салу жоспарлы түрде жүргізіледі. Келушілер коронавирусқа қатысты сақтық шараларын толық сақтауға міндетті. Ал Алматымен шекаралас аудандардың гемодиализ диагнозымен тіркеуде тұрған науқастары қаладағы көпсалалы клиникалық ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жеткізіледі. Тиісінше, Алматыда тіркелген пациенттер тұрғылықты жердегі емханада ем қабылдайды. Ал облыстың кәсіпкерлері материалдық көмек көрсетсе, қайырымды жандар көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды азық түлікпен қуантып жатыр. Бұдан бөлек індетке қатысты жалған ақпарат таратқандарды анықтайтын мобильді топ құрылды. Құрметті көрермен, егер облыстық денсаулық сақтау басқармасына қатысты қандай да бір сұрақтарыңыз болса, төмендегі телефон нөмірлеріне хабарласыңыз. Міндетті түрде жауап береді. Байланыс — тегін. (( 41 12 13 немесе 8 8000 808 828.))

X