Таулы Қарабақтағы қақтығысқа нүкте қойылды. 27 қыркүйекте басталған ұрыс 43 күнге созылып, екі тарап ымыраға келді. Соғыс уақытында қос ел шығындары жөнінде ашық айтылмады. Бірақ, Ереван мен Баку бір-біріне күйе жағуға келгенде аянып қалар емес. Ұзақ келіссөздерден кейін Таулы Қарабақ азат етіліп, екі елдің бұған дейін бақылауында болған аймақтар өз қарамағында қала береді. Ал, Ресей бітімгершілік әскері жағдайды бақылау үшін ел аумағына кіргізілмек. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды..
Таулы Қарабақ азат етілді! Мұндай ақпарат басылым беттерінде шыққаны сол ақ еді, ызаға булыққан армян халқы Ереван көшелеріне ереуілге шықты. Жолындағының бәрін қиратып, Парламент пен Үкімет ғимаратын басып алды. Шеруге қатысқандар Парламент спикері Арарат Мирзоянды өлімше етіп сабап тастады. Наразылы топ бейбіт келісімнің күшін жоятын жаңа Үкімет құрылуын талап етіп жатыр. Ал, ел премьер-министрі армян халқына бұл жағдайды қабылдауға шақырды.
НИКОЛ ПАШИНЯН, АРМЕНИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
«Мен бұл күрделі шешімді әскери жағдайға талдау жасап барып қабылдауға мәжбүр болдым. Екі ел үшін де оңтайлы шешім деп санаймын. Бұл біздің жеңісіміз де, жеңілісіміз де емес. Соғыста құрбан болған сарбаздардың алдында бас иемін. Олар өз елін, жерін қорғау жолында жанын берді. Ал, келіссөздің қалай жүргізілгені жөнінде алдағы уақытта толық айтып беремін».
Ал, Әзірбайжан тарапы кеше ресейдің Ми-24 тікұшағын зымыранмен атып құлатты. Апаттан екі ұшқыш мерт болды. Өз қателігін мойындаған Ильхам Әлиев кешірім сұрап құтылды. Бірақ, бұл әрекет бейбіт келісімге өз кесірін тигізе қойған жоқ. Айта кету керек, бітімгерлік құжаты бойынша Армения, көршісіне Кельбаджар және Лашын аудандарын қайтаруға уәде берді.
ИЛЬХАМ ӘЛИЕВ, ӘЗІРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Әзірбайжан халқы өжеттілігімен өзіне тиесілі жерді қайтарып алды. Қарабақ дауы — бүкіл Евразия құрлығындағы күрмеуі шешілмей келе жатқан үлкен қақтығыстардың бірі еді. Бүгін соғысқа нүкте қою арқылы, тарихи сәтке куә болып отырмыз. Бұл бірінші кезекте көп жылдан бері оккупацияның құрбаны болған Әзірбайжандықтардың жеңісі».
Ал, ені 5 шақырым болатын Лашын дәлізіне 1960 сарбаздан, 90 бронды техника, 380 автокөлік және арнайы тенхикалардан құрылған Ресейдің бітімгерлік әскері кіргізіледі. Олар Таулы Қарабақ пен Армения арасын байланыспен қамтамасыз етеді. Бірақ, осы аралықта орналасқан Әзірбайжанның қарамағындағы Шушу қаласына тиіспейтін болды.
ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Армения Республикасының премьер-министрі Пашинянмен өтінішке қол қойылды. Құжатта 10 қарашадан бастап Таулы Қарабақтағы барлық қарулы қақтығыстар тоқтатылады. Әскер шығарылады делінген. Әзірбайжан мен Армения өздерінің бақылауындағы аудандарға иелік ете береді. Ал, Таулы Қарабақ пен Арменияны жалғайтын дәлізде Ресейдің бітімгершілік контингенті құрылады. Ал, босқындар өз үйлеріне оралады».
Қарулы қақтығыстың аяқталғанын естіген әзірбайжандықтар елдің түкпір-түкпірінде дүркіретіп тойлауды бастап кетті. Мемлекеттің туын ұстаған тұрғындар жер-жерде «Қарабақ біздікі» деп асыр салып жүр. Ал, соғыстың алғашқы сағатынан Бакуге барлық қажетті көмекті көрсеткен Түркия тарапы бұл тарихи жеңіспен Әзірбайжан халқын құттықтады.
РЕЖЕП ТАЙЫП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Шушу қаласының азат етілуі — бұл Әзірбайжанға тиесілі қалған жерлердің де азат етілетінінің нышаны. Өз атымнан, отбасымның және барша Түрік халқының атынан Әлиев бауырымды Әзірбайжан халқын бұл ұлы жеңіспен құттықтаймын».
Ал, отандық сарапшылар бұл соғыстың аяқталуына Армения себепкер болды деп есептейді. Себебі, о баста өзінің әлеуетін білген ресми Ереванда уақыт өте келе сарбаз жетіспеушілігі біліне бастапты. Қарапайым мысал, Әзірбайжанның әскери бюджеті жылына 2 млрд долларды құраса, Армения қаржысы бұдан 3 есеге төмен екен.
ЖҰМАБЕК САРАБЕКОВ, САЯСАТТАНУШЫ:
«Соғыс қимылдарының ары қарай жалғасуы ол аймақтағы дағдарыстың бір едәуір ауқымға жетіп, гуманитарлық дағдарысқа әкеліп соқтыруы мүмкін. Ол өз кезегінде Қазақстанның Оңтүстік Кавказ аймағындағы Әзірбайжан мен Армения арасындағы экономикалық жобаларамызға үлкен нұқсан келтіруі мүмкін еді».
Сондай-ақ, саясаттанушы бұл бейбіт келісімнің ғұмыры ұзақ болатынын айтады. Себебі, қазір қос тарапқа қақтығыс тиімсіз. Оның үстіне Ресейдің бітімгерлік тобы 5 жылға кіргізілмек. Ресми Мәскеу де даулы аймақта қандай да бір қақтығыстардың болуына жол бермеуге тырыспақ.