10:25 Тікелей эфир Многосерийный фильм «НАША ДОКТОР»
14:20 Эфирде әрі қарай Многосерийный фильм «КЛЯНУСЬ ЛЮБИТЬ ТЕБЯ ВЕЧНО»

Қаржы министрі тентек тендерлерді қалай реттемек?

«Барлығы дұрыс жоспарламаудан басталады». Бүгін Мәжіліс мінберінде Қаржы министрі Мәжіліс Төрағасының қаһарына ұшырады. Мемлекеттік сатып алулар бойынша заң актілеріне ұсынылған түзетулерге депутаттар да қырғидай тиді. Күллі бюджетке жауапты ведомство Президенттің тапсырмасын орындауға келгенде кемшілікке жол беріп отыр деді Нұрлан Нығматулин. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Тендер мен мемлекеттік сатып алудағы түйткіл Мәжілістің мінберінде талай айтылды. Олқылықтарды реттеуге де тырысып-ақ жатырмыз. Бірақ қазақ айтпақшы, «қолының сұғанақтығы бар» шенділер бюджет бүйірін тесудің амалын таппайды емес, тауып та жатыр. Өткенде Президенттің өзі мемлекеттік сатып алулар бойынша заң актілерін түзетуді тапсырған-ды. Себебі бұл саланың солқылдақ тұстары құлқынның құлына айналғандарға майдай жағып-ақ тұр.

ЕРҰЛАН ЖАМАУБАЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ —
«Заң жобасына енгізілетін түзетулер үш негізгі бөліктен тұрады. 36:50 Бір көзден сатып алуды азайту шеңберінде заң жобасы бір көзден сатып алудың 52 негіздемесінің үшеуін қысқартуды көздеп отыр».

Қаржы министрі ұсынған түзетулер Мәжіліс Төрағасының көңілінен шықпады. «Мемлекет басшысы көрсеткен мәселенің шешімін көрмей отырмын»,  деп кейіді спикер.

НҰРЛАН НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
«Сіз мұнда заң жобасын алып келдіңіз, атауының өзіне қараңыз: «Мемлекеттік сатып алу мәселелері жөнінде». Мақсаты мен міндеттерін сіздерге Мемлекет басшысы айтып берді — практиканы жақсарту бойынша өзгерістер енгізу. Қаржы министрі не істеп отыр? Бұл мақсатқа жететін бірде-бір сөзі жоқ құжат енгізіп тұр. Бұл жұмысты қалай атқарып жатырсыз? Депутат сапасыз жоспарлау деп мәселені дұрыс көтерді. Сіз министр ретінде ойлануыңыз керек. Сіз және экономика министрі. Бюджет сайын келесіз, сізге сол баяғы ескертулер айтылады. Бәрі дұрыс жоспарламағаннан басталады».

Иә, бәленің бәрі сол дұрыс жоспарламаудан басталады. Нұрлан Нығматулин мұны «лай өзенге қармақ салумен тең» деп сипаттады.

НҰРЛАН НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
«Және мынадай сұрақ туындайды, Ерұлан Кенжебекұлы, сіз бұл мәселеде мүдделі емессіз бе? Мен сіз деп жеке өзіңізді айтып тұрғаным жоқ, Қаржы министрлігі және шенеуніктеріңіз».

Әдетте конкурсты болдырмай тастап, бір көзден келісім жасай салудан шенеуніктің де компанияның да ұпайы түгел болып шыға келеді.

ҒАЛЫМЖАН ОРАЗЫМБЕТ, «ZERTTEU RESEARCH INSTITUTE» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ САРАПШЫСЫ
«ОЭСР (Организация экономического сотрудничества и развития), оған дамыған, улкен жетістіктерге жеткен мемлекеттер мүше болады. Сол ОЭСР елдерінде бір көзден сатып алу 12-12-ден аспайды, ал бізде 50-ден асады.»

Су жаңа мысал. Орал қаласының әкімдігі жаңажылдық безендіруге 44 млн теңге бөліпті. Бірақ осы тұста конкурстың әділ өткеніне күманданбайын десең, таңертен тоғызда өтініш қабылдау басталып, лоттың жеңімпазы сол күні кешке анықталған. Сонда қалай? Заң қайда?

ДОС КӨШІМ, САЯСАТКЕР
«Індет кезінде бәрімізде белгілі бір қанағат болуы керек. Ақшаны үнемдеп жұмсайтын кезге келуіміз керек. Бұл әсіресе билікке қатысты».

Пандемия, індет деп жатырмыз ғой. Бірақ осы кеселдің кесірі тимеген бір ғана сала бар екен бізде. Ол  коррупция. Жыл басынан бері елімізде 900-ден астам адам жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылыпты. Ал бұл былтырғыдан 11 пайызға көп.

X