10:25 Тікелей эфир Многосерийный фильм «НАША ДОКТОР»
14:20 Эфирде әрі қарай Многосерийный фильм «КЛЯНУСЬ ЛЮБИТЬ ТЕБЯ ВЕЧНО»

АСТАНАДА ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕНГЕ ЖАҒДАЙЫ БАРЛАР ДА КЕЛГЕН

Астанада әлеуметтік жағдайы төмен жандарға арналған тегін дүкен ашылды. Қайырымды жандар ол жерге киім-кешек, техникалық заттар, ойыншықтар тіпті азық-түлікке дейін әкеліп жатыр екен. Бірақ, «тегін» деген сөзді естіп дүкенге  жалғызбасты отбасылармен жағаласып,  жағдайы жақсы жандар да ағылып келеді екен. Ал, қайырымдылық қор өкілдері киім-кешекті тек әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға береміз дейді. Ол үшін бірсыпыра құжаттар қажет көрінеді. Қаладағы ең алғаш ашылған тегін дүкен туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

 

Бұл әлеуметтік дүкеннің ашылғанына 3-4 күн ғана уақыт өтсе де, мұнда келушілердің қатары сағат санап артып барады. Өйткені, бұл жерге қайырымды жандар киім-кешектер мен пайдалануға жарамды заттар әкелуде. Бірақ, бір өкініштісі дүкен қызметкерлерінің айтуынша, мұнда әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қарағанда материалдық жағынан жақсы қамтылған адамдар тегін затты алып қалуға көптеп келуде». Иә, тегін зат кім-кімге де артық етпейді. Бірақ, дүкеннен қарны тоқ, киімі бүтін бола тұра көрсеқызарлықпен шүберекті алып қалуды ойлаған жандарды да көзіміз шалып қалды. Үстіне кигені тон, қолында соңғы үлгідегі смартфон болса да киім ілгіштерде ілініп тұрған жұпыны заттарды жапа-тармағай қарап жүр. Дегенмен, расымен де жағдайы төмен, көмекке мұқтаж жандар жоқ емес мұнда.

 

ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНА: «Вообще керек негізі, жақсы болушы еді. Көбірек болса. Продуктілер болса вообще күшті болушы еді. Помощь продукты дегендей. Тогда хорошо было бы. Я что хотела выбрать себе выбрала. Үлкен ұлыма хотела куртку выбрать, жоқ».

Расымен де әп-сәтте киімге лыққа толы сөрелер босап қалған. Мұқтаж жандар алдымен өзінің жеке басын куәландыратын құжаттар мен балаларының туу туралы куәлігін көрсету арқылы әрқайсысына 2 киімнен таңдап алады екен. Оның барлығын қордың өкілдері компьютерге тіркеп отырады.

 

ЗӘУРЕШ БАТТАЛОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА: «Керек, керек барлығына керек мұндай магазин. Особенно көпбалалыларға. Жағдайы жоқ төмен адамдар бар ғой сондайларға керек. Менің өзімнің 6 бала-шағам бар. Көпбалалы анамын. Естіген соң келгенбіз». Алайда, дүкендегі бірді-екілі қызметкерлер қоймадағы заттарды шығарып үлгере алмай жатыр. Сәл-пәл жаңа киімдерге қол жеткізгісі келген адамдар қайырымды жандардың алып келген заттарын есік алдында аңдумен әлек. Ал, халықтың бейқам әрекетіне наразы болған еріктілер келушілерге мынадай өтініш айтады.

 

ЕРДЕН ЕСЕНОВ, ЕРІКТІ: «Келіп жатқан адамдарға бір ғана өтінішіміз бар. Киім ілгіште тұрған киімдерді қалай болса солай шашып тастап кетеді. Кішкене мәдениеттілік сақтайық. Таласып жатады, мен бірінші көрдім мен таңдадым деп. Халық көп біз жалғыз. Үлгермей жатамыз кейде». Айналасы 3-4 күннің ішінде әлеуметтік дүкеннен 1000-нан астам отбасы киініп үлгерген. Алдағы уақытта қайырымдылық қор өкілдері осындай орталықтар санын арттырмақ. Айтуларынша, жағдайы төмен отбасыларға қалада алғашқы азық-түлік тарататын жер де ашпақ ниетте.

 

БЕРІК АРЫСТАНБАЕВ, ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРДЫҢ ӨКІЛІ: «Енді, біз категорияға бөлдік. Көпбалалы ана, жалғызбасты аналар 2-3 баласы барлар. Және жанұясында мүгедек барлар. Сондықтан көпбалалы ана болғаннан кейін, категория бойынша келіп киініп кетіп жатыр. Құжаты барлығы бар. Құжатсыз ешкім келіп киінбейді. Барлығы тексеріледі». Десе де, қор өкілдері мұқтаж жандарға жылу жасағысы келген азаматтарға әрдайым есігіміз ашық дейді. Бастысы, өткізетін затыңыз кәдеге жарамды болса болды. Ал, қайырымдылық акция аясында әлеумет бірсыпыра жылы киімдерге, ал балалар ойыншыққа қарқ болып қайтты.

X