Елордадағы автобус апатынан жарақат алғандардың бірі аяғынан айырылды. Дәрігерлер күрделі операцияны жасауға мәжбүр болдық дейді. Одан бөлек тағы екі адам ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Қалғандары есін жиған. Өмірлеріне қауіп жоқ деп сендірді. Жолға шығып, ауруханадан шыққандар автобус тізгіндеген Абай Оспановтың соңғы әрекеті туралы айтып берді. Олжас Сайлаубекұлы жалғастырады.
САМАЛ ӘБДІЛДАҚЫЗЫ, ЗАРДАП ШЕГУШІ:
«Мен жолға қарап тұрдым. Ол уже тормоз басып, тоқтаудың орнына ол кісі қатты битіп жүріп келіп, уже соғады деп, шыңғырып, айқайладық бәріміз. Сол кезде соқты келіп».
Самал Әбділдақызы кеше әдеттегідей жұмысқа бара жатқан. Соғылған автобустың алдыңғы орындығында отырыпты. Қолы сынып, маңдайы жарақаттанған. Соққының ауырлығын көріп, аман қалғанына шүкір деп отыр. Айтуынша, жүргізуші соңғы сәтте ешбір дауыс шығармапты. Тоқтатуға да әрекет жасамаған. Сонысына қарағанда, жүрегі ұстап қалды ма деп топшылайды. Қалай дегенімен, оған еш өкпем жоқ дейді.
САМАЛ ӘБДІЛДАҚЫЗЫ, ЗАРДАП ШЕГУШІ:
«Бұл кісі ауырып қалған шығар деп ойлаймын водитель. Әйтпесе, тормозы істемей қалды, бір нәрсе болған жоқ-ау. Ол кісі өзі инфаркт ұстап қалды ма білмеймін. Есінен танып қалды ма? Жүргізушіні көрген жоқсыз ба? Жүргізушіге қарамаппын түріне. Бірақ ол кісінің даусы да шыққан жоқ. ваще ештеңе шыққан жоқ».
2-ші аурухана дәрігерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеді десе де болады. Себебі, айналасы жарты сағат ішінде 29 адам келіп түскен екен. Қазір олардың 13-і әлі емделіп жатыр. 3 адам жансақтау бөлімінде. Бірінің аяғын ампутациялауға тура келген.
ИВАН ЛИ, №2 ҚАЛАЛЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
«Нами сделано 5 оперативных вмешательств…Өткен тәулікте біз бес түрлі ота жасадық. Оның ішінде бір науқасқа ампутация жасауға тура келді. Бұл ең алдымен өмірін сақтап қалу үшін жасалған әрекет. Науқастарға әлі бірнеше ота жасалауы тиіс. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ».
«Жолаушылар автобустарының қатысуымен болған апат дәл осы жерде болған. Әдетте кенет тежегішін басқан көліктің артында дөңгелектен қара дақ қалуы керек еді. Алайда асфальттің үстін қарасаңыздар, тас әлде жақсылап тұрып жуып тастаған ба, әйтеуір, ешбір із байқалмайды».
Бейнежазбада да автобустың бар жылдамдықпен келіп соғылғаны анық көрінеді. Инструктор Денис Аксенов жүргізушінің денсаулығы сыр беруі мүмкін емес дейді. Өйткені, жүрегі ұстап не талып қалған адам рульге құлап, автобус шетке қарай бұрылушы еді деп отыр. Оның ойынша, Абай Оспанов тежегішті қатты басып қалып, істен шығаруы мүмкін.
ДЕНИС АКСЕНОВ, КӨЛІК ИНСТРУКТОРЫ:
«Я могу обьяснить это паникой…Меніңше, көлік жүргізушісі абдырап, сасқаннан не істерін білмей қалған секілді. Мен де сондай автобусты жүргізіп көргенмін. Егер тежегішті кенет басып қалсаң, бір дегенде істемей қалатыны бар. Автобус педальді басқанға көнбегенін көріп, абдырап қалды ма деп ойлаймын».
Абай Оспанов 30 жыл бойы көліктің түр-түрін тізгіндеген. Сондықтан тәжірибесі аз деп айтуға ауыз бармайды дейді туыстары.
АСҚАР ОСПАНОВ, АБАЙ ОСПАНОВТЫҢ ІНІСІ:
«Оның жүргізушілік тәжірибесі өте жоғары. 30 жылдан артық уақыт көлік тізгіндеп жүр. Кәсіби қателік жіберді деп айту әділетсіздік болар еді, меніңше».
Оқиғаға не түрткі болғанын көпшілік әлі болжаумен жүр. Тергеушілер де нақты себебін айтудан әзірге ада.
ҒАЗИЗ НҰРҚАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Сот дәрігерлік сараптамасының қорытындысына сүйеніп, біз мәлімет беруімізге мүмкіншілігіміз бар. Бірақ ол сараптаманың қорытындысы дайын болмағанша, біз қазір оны айта алмаймыз. Ол қашан дайын болады? — Мен айттым ғой, олардың өздерінің, сот сарапшыларының өздерінің методикалары бар, өздерінің метогдикасы бар, сол сай методикасына, мерзімдеріне сай бізге қорытындысын беру керек».
Естеріңізге сала кетейін, жантүршігерлік жол апатынан екі адам көз жұмды. Бірі автобус жүргізушісі Абай Оспанов, екіншісі елордада жұмыс істеп жүрген 26-дағы Айзат Нұрекенова. Қапыда көз жұмған олар ертең жерленеді.