Аяз ата мен Қарша қызды үйге шақыруға тиым салынады! Жандарбек Бекшин жаңа жыл қарсаңында осындай жаңа қаулы шығарды. Алматы қаласының бас санитары коронавирус инфекциясының алдын алу үшін желтоқсанның 25-нен бастап жаңа жылдық іс-шараларды өткізуге шектеу қойды. Ал сауда орындары мен ойын-сауық орталықтарының жұмысы не болмақ? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Мереке жақындаған сайын көпшіліктің қуанышы мен қатар күдігі де артқаны сөзсіз. Өйткені, әлеуметтік желі арқылы алып қашпа әңгімелер тарап кеткендігі белгілі. Бүгін Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин өзінің жаңа қаулысын жариялады. Құжатқа байланысты 25 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында барлық ұйым мен мекемелердің жаңа жылдық іс-шараларды өткізуіне тиым салынды. Бұдан бөлек мереке қарсаңында аяз ата мен ақшақар және басқа да жаңа жылдық кейіпкерлерді үйге шақыруға болмайтындығын хабарлады.
ЖАНДАРБЕК БЕКШИН, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ БАС САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ
«Ойын-сауық, спорттық, отбасылық шараларды, көрмелер мен форумдарды, конференцияларды және отбасылық мерекелерді өткізуге тыйым салынады. Ал, «Медеу» спорттық-сауықтыру орталығы мен «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының қызметіне рұқсат. «Медеу» мұз айдынының әр сессияда 750 адамнан қабылдауына болады. Ал «Шымбұлақ» курортына келушілердің саны 30 пайыздан аспауы тиіс.
Бұдан бөлек, сауда орындарының жұмысы демалыс және мереке күндері де 23:00-ге дейін ұзартылатындығын да атап өтті. Сол секілді базарлардың жұмыс уақыты 17:00-ге дейін шектелген. Сонымен қатар қаулыда 1-ден 5 сыныпқа дейін қосымша кезекші сыныптар ашуды тоқтату туралы жазылған. Ал, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қазақстандық оқушылар үшін үшінші тоқсанның қалай болатындығын түсіндірді. Енді мемлекеттік емтихан тапсыратын балалар бағдарламаның 70 пайызын дәстүрлі және 30 пайызын қашықтан оқитын болады. Бұл түлдектердің білім алуы үшін өте маңызды дейді. Сонымен қатар, оқушыларды жаппай коронавирусқа қарсы екпе егуге ешкім мәжбүрлемейтіндігін де атап өтті. Естеріңізге сала кетейік күз айында отандық мамандар әзірлеген QazCovid-in вакцинасын білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзіне ектірген болатын. Егер барлығы сәтті өтсе отандық вакцина наурыз айының ортасынан бастап пайдалануға берілмек. Ал, арада бірнеше ай өткендіктен министр өзінің қазіргі жағдайы туралы да қысқаша жауап қатты.
Вакцинациядан кейін ешқандай асқынулар болған жоқ, температура көтерілген жоқ. Бірінші айда мен бірнеше рет сынақтардан өттім. Бірақ содан кейін тоқтаттым. Өйткені ешқандай өзгеріс болған жоқ.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ
Вакцинадан кейін министрдің бойында ешқандай өзгеріс байқалмаса, Ұлыбританияда шыққан коронавирустың жаңа шатммы теңге бағамы мен мұнай нарығына кері әсерін тигізіп жатыр.
Ұлыбританияда коронавирустың жаңа түрі пайда болды деген жаңалық, осыған байланысты сапарлар мен қозғалыстың шектелуі мұнай бағасының төмендеп, дамушы елдердегі негізгі валюталардың әлсіреуіне, соның ішінде Қазақстан ұлттық валютасының әлсіреуіне әсер етті. Теңгенің айырбас бағамы сыртқы негізгі факторлардың ықпалымен қалыптасып, энергия тасымалдайтын негізгі нарықтар мен дамушы елдердің нарықтарына тән динамика көрсетті.
НҰРЖАН ТҰРСЫНХАНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ МОНЕТАРЛЫҚ ОПЕРАЦИЯЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтан қаласының дәрігерлері вирусқа қарсы препараттарды ақ халаттылардан кеңес алмай қабылдап, өз бетінше емделуге тырысып ауыр жағдайға түскендердің де көбейгенін айтуда. Қазіргі уақытта олардың саны 11-ге жеткен. Қауіпті індеттің алғашқы немесе соған ұқсас сиптомдары байқалса бірден дәрігерге хабарласу керектігін ескертеді. Соңғы мәліметтер бойынша еліміз бойынша 24 126 адам коронавирус инфекциясынан емделуде. Ал, 1500-ден астамы құлан таза айыққан. Және 11 қазақстандық ковид және пневмониядан көз жұмған.