Алматы облысында балалары балшыққа аунап, көрші ауылдың мектебіне қатынайтын тұрғындар шу шығарды. Тіпті алдарына келген шенділерді батпаққа аунатуға дайын тұрды. Абырой болғанда шенеуніктер қашып құтылды. Бірақ, әбден ызалы жұрт әкімдіктің көлігін жүргізбей ішіндегі басшыны ақыры сыртқа шығарып бар сұрақтарына жауап талап етті. Бір мектепке зар болған Айғаным ауылындағы бұқара мен «бөріктілердің» текетіресі жайлы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
— Сен көп сөйлеп кеттің ғой?
— Көп сөйлеу емес, халықтың тілегі сол. Жоқ. Жоқ білмей тұр ғой, бұл.
Бұл Талғар ауданындағы Айғаным ауылының тұрғындары мен шенеуніктердің текетіресі. Ақжағалылардың жағасын жыртып, әбден ызаланған жұрт бар шындықты айта бастап еді, шенділер оны «көп сөзге» балап ауыздарына қақпақ болумен әлек. Сонда да төрт мезгілде балшық кезіп, шыдамдары шегіне жеткендер білдей маманның ауданнан келгеніне де қарамады. Кір-қожалақ балаларын алдарына сап, жолсыздардың күнін көздеріне шұқып көрсетті.
ГҮЛНӘР КАКЕНОВА АЙҒАНЫМ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
“Міне, балалар резиновый етікпен жүр. Сіздің балалар немен жүреді? Туфлимен жүреді. Сапожкимен жүреді. Біздің балалар міне. вот келесіздер. Қағазды ұстайсыздар. Ия, ия, ия деп кетесіздер. Аллаху акбар жоқсыңдар. Жоқ. Жоқ”
Айғаным ауылының пайда болғанына он жылда болмапты. Мың түтін бар. Асфальтты көрсек, мұрнымызды кесіп берейік дейді халық. Балшық-сазға шыдамай тас төсеген. Тек, елді-мекенге су тартамыз деп ауыз толтырғандар екі жылдан бері жолдарының астан-кестенін шығаруда. 508 млн теңге қазынадан бөліне тұра, құрылысы сағызша созылғанына таң қалады.
Мына ел өзі төгіп жатыр 25 мыңнан қалталарынан ақша шығарып. Ертең отчет тапсыра саласыздар, ұялмай.
-Қайнар округі заявка береді.
-Қайнар округін айтпа бізге.
-Сельский округ бізге заявка береді.
-Сонда сіздер талдамайсыздар ма? Жалпы көзді жұмып, апам тоқаш пісірді деп ете саласыздар ма?
Тисе терекке, тимесе бұтаққа деп шенеуніктер де еш саспай жаттанды есептерін қайталай берді. Сұрақтарына мүлдем мардымды бір жауап алмаған соң тұрғындар шенділерді әбден түрткілеп, балшыққа аунатуға дейін барды. Тек қашып құтылды. Бірақ, көліктеріне мініп үлгергенімен, көпшілік жолын жауып қайта шығарды.
“Кет деймін артқа. Бар айда артқа”.
Батпақ жолдың азабы аздай Айғанымдағы 1000 оқушыға бірде бір мектеп жоқ. Ауылдағы барлық бала көрші маңдағы білім ошағына қатынайды. Бірі таксиге отырады. Екіншісі автобусқа отырады.
Бүгін ауылда атқамінерлер жүрген соң автобус та қулық жасап көше аралады, дейді тұрғындар. Әйтпесе, балалар бір жарым шақырым жерге жаяу барып күтеді. Сөйтіп, көрінген ауылдың білім ошағын сығалап оқиды. Дегенмен, әкім орынбасары жұрт сәл шыдаса мектептің жері дайын, деді.
БЕГӘЛІ ТҮҢЛІКБАЕВ ҚАЙНАР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
“Жері тұр. Дайын. Гос актісі дайын. Құжаттары экспертизадан өтіп жатыр. Жақында ғана білдім, осы проектісі дайын болса, екінші жарты жылдықта құрылысы басталады.
-Қашан басталады?
-құрылысына бөлінген жоқ”
Құрылысына қаржы бөлінгенше ауыл оқушыларының алды мектеп бітірмесе болғаны дейді жұрт. Өйткені, жолдың да мәселесі жыр болып келеді. Айтпақшы, тұрғындар жарықтың килоВатына 27 теңгеден төлейді екен. Айғанымдықтар үшін заңның да, шенеуніктердің де тіпті бағалардың бәрі айдан түсетін секілді.