Еліміздегі ауасы ең лас 10 қала белгілі болды. Үкіметтің бүгінгі отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі қалдықтардың талапқа сай жойылмауы, ауа мен судың ластануы экологиялық жағдайдың нашарлауына әкелгенін жеткізді. Мағзұм Мырзағалиевтің дерегінше бұл мәселе арнайы мониторинг барысында белгілі болған. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
МАҒЗҰМ МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ
«2019 жылдың қорытындысы бойынша атмосфералық ауаның экологиялық мониторингіне сәйкес 45 елді мекеннің ішінде 10 қала атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне жатады. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент. Сонымен қатар, ластаушы заттар шығарындыларының едәуір көлемі Павлодар облысына тиесілі».
Мырзағалиевтің есебін тыңдаған Премьер-Министр рұқсатсыз қоқыс төгілген орындардың бәрін жабуға тапсырма берді. Өңірлерде қатты тұрмыстық қалдықты жеткізуге арналған 3,5 мың орын бар. Оның ішінде тек 620-сы ғана талапқа сай екен. Кестедегі келесі келелі мәселе елдімекендерге газ тарту болды. Әкімдер кезек-кезек есеп бере бастады. Онлайн жиында Түркістан облысы 2025 жылға дейін газбен 99 пайыз қамтылатыны, Қарағанды облысында шамамен 19 мың адам 2021 жылы газға қол жеткізетіні айтылды. Жамбыл облысының тұрғындары 2 жылдың ішінде 95 пайызы газбен қамтамасыз етіледі екен. Ал Алматыда жеке секторды газбен қамту 99 пайызға шешіліп қойған. 100 проценттік көрсеткішке сәл-ақ жетпей қалыпты. Бас қала да бұл науқаннан кенже емес. Елорданың жеке секторларына табиғи газды біртіндеп кіргізіліп жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты.
АЛТАЙ КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
«Жеке секторда тұратын тұтынушылар үйіне табиғи газды біртіндеп кіргізіп жатыр. Қазіргі күні 5 мыңнан астам үй газбен жабдықтау жүйесімен қамтылған. Жыл соңына дейін 6 мың тұтынушыға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жеке секторлардағы үйлерге есепке алу құрылғылары тегін қарастырылған. Фронт-кеңселер жұмыс істеуде. Онда 3 мыңнан астам тұрғын газды қосу жолдары, техникалық қауіпсіздік мәселелері және басқа да сұрақтар бойынша кеңес алды. Бұл жұмыс қазіргі күні ары қарай жалғасып жатыр».