10:25 Тікелей эфир Многосерийный фильм «НАША ДОКТОР»
14:20 Эфирде әрі қарай Многосерийный фильм «КЛЯНУСЬ ЛЮБИТЬ ТЕБЯ ВЕЧНО»

Елорда «қызыл аймаққа» кірді

Бас қала вирустың «қызыл аймағына» кірді.  Жауапты министрліктің мәліметінше,  өткен тәулікте елде 777 жаңа дерек тіркелсе, соның 120-сы астанаға тиесілі.  Енді қалада қатаң карантин қайта енгізілуі мүмкін.   Жұқпалы індеттің сары жолағына жайғасқан өңірлер де көбейіп барады.   Келер жылы Үкімет ковидпен күреске деп шетелдік банктен 1,5 млрд еуроны қарызға алатын болды.   Ал мұндай сома қайда жұмсалады?  Оны қалай қайтармақшы? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

14 желтоқсаннан бастап елде қатаң карантин енгізіледі. Осылай деп басталып,  Премьер-министрдің қолы қойылып, мөр басылған құжат кешелі-бері уатсап желісін шарлап жүр.   Ақпараттың ақиқатына жетпей, халық та хабарламаны бір-біріне жанталасып жолдап жатыр.  Әрине, жауаптылар желідегі алыпқашпа әңгімені жоққа шығарды. Әлемжелідегілер өстіп даурығып жатқанда астанада вирус жұқтырғандар бір-ақ күнде күрт көбеіп, қала «қызыл аймаққа» еніп кетті.

ЕРЖАН БАЙТАНАЕВ, САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері мен жергілікті мемлекеттік органдармен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қандай қатаңдату шаралары қолға алынатыны қарастырылып жатыр, көтеріліп жатыр»

Әзірге карантин туралы әңгіме жоқ. Алайда, СЭС-тегілер вирустан сескенбеген астаналықтарға ескерту жасады.  Қаланың «қызыл аймаққа» өтуі  тұрғындардың жауапсыздығын көрсетеді дейді. Демек, елордалықтар қатаң карантинге қайта оралуы мүмкін.

Жалпы, вирустың «қызыл аймағында» бас қаладан бөлек,  Павлодар облысы да бар. Соңғысында өткен тәулікте жүзге жуық науқас тіркеліпті.  Ал індеттің «сары жолағына» Шығыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы енген.  Өзге өңірлерде өсім жоқ.

Осы ретте,  4 айдың ішінде карантин талаптарына бағынбағаны, яғни арақашықтық сақтамай, бетперде тақпағаны  үшін қазақстандықтарға жалпы соммасы 1 млрд 300 млн теңге көлемінде айыппұл салыныпты.  Әкімшілік жауапкершілік арқалағандардың дені Түркістан облысынан екен.  Айтпақшы,  Үкімет ковидпен күреске деп  келер жылы шетелдік банктен 1,5 млрд еуроны қарызға алатын болды.

ЕРҰЛАН ЖАМАУБАЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ
«Қарыздар Ковид-19 пандемиясына қарсы күрес және экономиканы қалпына келтіруге Үкіметтің шараларын қолдануға мүмкіндік береді. Келісімдерде бекітілген шарттарғка сәйкес, қарыздарға қызмет көрсету және оны өтеу республикалық бюджет есебінен жүреді».

Алайда  онсыз да сыртқы қарызы 154 млрд долларды құрап тұрған біздің елге мұндай шаралар қаншалықты қажет?

САПАРБАЙ ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:
«Азия Даму банкіне біз мүшеміз. Яғни, біз сияқты мүше елдердің жиналған ақшасын содан біз өзіміздің ақшамызды қайтарып алғандай болып тұрмыз да, пайызы өте аз. 2-3 пайыз ғана. Оны 15-20 жылға өте тиімді береді. Анау тұрған қиыншылық емес» .

САПАРБАЙ ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:
«Сол алған ақшамызды өкінішке қарай жоғарыдағы элита қалтасына салып қоймасын. Соған өте қатты қадағалау керек. Яғни, біреудің қалтасына кетпесін.»

Қалай болғанда да, тиісті құжаттар Президентке қол қоюға жіберілді. Осы ретте, елде вируспен ауырғандар қаңтар-ақпан айларында күрт көбеюі мүмкін дейді білетіндер. Қазірдің өзінде 14 мыңға жуық пациент ем қабылдап жатыр. Соның мыңға жуығы бала. Әлемдегі ахуал да алаңдатарлық.  Ауырғандар саны 69 млн-ға жуықтады. Тек өткен тәуліктің өзінде вирус жұқтырғандар қатары бірден 1 млн 569 мың адамға артқан екен.

X