6:00 Тікелей эфир «ТАМАША CITY» бағдарламасы
8:20 Эфирде әрі қарай «П@УТINA» бағдарламасы

Елордадағы сұмдық апат туралы соңғы деректер

Таңертеңгі сағат 9-дан асқан уақыт. Жұмысқа асыққан жұрт нөпірінің саябырсыған сәті. Елорда шетінен қалаға қатынайтын автобус бағдаршамның қызыл түсіне тоқтап тұрған өзге көлікке келіп соғылады. Араға біраз секунд салып, соққыға тап болған басқа машинадағы адамдар автобусқа жақындай бастады.

«Тут женщину смяло прям. Ну, не смяло, вот это все прям на нее свалилось. Тут водитель был, скорее всего не выжил».

Автобус алдымен өзге қоғамдық көлікпен соқтығысқан. Екі ортада жаншылып қалған соңғы жолаушының денесі құтқарушылар мен көмекке келген азаматтардың қолымен шығарылып жатыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Көріп тұрсаңыздар, міне, артынан келіп соғылған автобустың сау-тамтығы жоқ. Дәл қазіргі уақытта жарақат алғандардың барлығын жедел жәрдем көліктері ауруханаларға алып кеткен. Қазір жолды автобустардан босату жұмыстары жалғасып жатыр.

Оқиға орнына жедел жәрдемнің жиыны 15 бригадасы келген. Соңғы ақпарат бойынша, 2 адам көз жұмды. 36 адам жарақат алды. 7 азамат ауыр жағдайда. Олардың өмірі үшін дәрігерлер күресуде. Зәуреш Өтемісова соғылған автобустың ішінде болған екен. Ауыр соққыдан мұрны сынған.

ЗӘУРЕШ ӨТЕМІСОВА, ЗАРДАП ШЕГУШІ:
«Әдеттегідей жұмысқа бара жатқанмын. Автобус іші апат кезінде жартылай бос болған. қолыммен бетімді жауып қана үлгердім. Бір сәтке есімнен танып қалыппын. Көзімді ашсам, адамдар айқайлап, шулап жатты».

Көз жұмғандардың бірі 301-ші бағыттағы, жылдамдықпен келіп соғылған автобустың жүргізушісі, 53 жастағы Абай Оспанов. Екіншісі 24-тегі жолаушы Айзат Нурекенова.

СОФЬЯ ҚЫЛЫШБЕКОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ-ХАТШЫСЫ:
«Бұл әрекет ҚР ҚК 345 бабы бойынша, яғни, жол жүру ережесін өрескел бұзып, осының салдарынан 2 және одан да көп адамдардың өліміне әкеп соққан бап бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталып6 сараптамалар тағайындалады, оның ішінде сот-медициналық сараптама, автотехникалық сараптама».

Тілші: Камераға түсіп қалған бейнеге қарағанда автобус тежегішін баспағандай көрінеді. Автобустың техникалық жағдайы қалай болғанын білмек болып автопаркке беттедік. Ондағылар 2014 жылы шығарылған қоғамдық көлікте мін болмаған деп отыр.

МЕЙРАМ МҰСАЕВ, АВТОПАРК МЕХАНИГІ:
«Толықтай барлығын механик тексеріп, печатін қойып берген ғой.  Күнделікті тексеріледі ме?  Күнделікті тексереді, кешке кіргенде және таңертең.  Автобустың тормозы ұстамай қалды деген болжам, мүмкін бе?  Жоқ, бұл жерде мүмкін емес».

Тілші: Тағы бір болжам, жүргізушінің денсаулығы сыр беруі мүмкін. Абай Оспановтың 9 жылдай тәжірибесі бар. Автопаркке екі жыл бұрын келіпті. Қызметте де, денсаулығында да мін болмаған, құжат бойынша.

БЕКМЫРЗА ИГЕНБЕРДИНОВ, «АСТАНА LRT» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
«Жүргізуші таңғы сағат 6-30-да медициналық тексеруден өткен. Денсаулығында мін болмаған. Егер өзі жайсыз сезінсе, рейске шықпаушы еді. Жыл сайынғы тексеруден соңғы рет 4 ай бұрын өтті. Жұмысқа жарамды деген қорытынды бар».

Автопарк басшылығы жүргізуші мерекелік демалыстан соң жұмыстағы екінші күніне кіріскен дейді.

СӘБИТ БОЛАТОВ, АВТОПАРК БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:
«Мы сейчас посмотрели, что у него даже 3 дня отдыха было перед вчерашним днем».

Оқиғаның нақты себебін енді тәртіп сақшылары анықтайтын болады. Мерт болған автобус жүргізушінің артында 4 баласы қалған екен. Туыстарымен тілдескенімізде, ол кезінде Чернобль апатының салдарымен күреске қатысқанын білдік. Ал қапыда көз жұмған жолаушы Айзат бір баланың жалғызбасты анасы болыпты.

X