9:25 Тікелей эфир «ПРОУЮТ»
10:25 Эфирде әрі қарай Многосерийный фильм «НАША ДОКТОР»

Гауһар Әлімбековаға қатысты апелляциялық сот басталды

 

Алматыда алаяқтық фактісі бойынша алты жылға сотталып, үш күннен соң қайта кепілдікпен шығарылған әнші Гауһар Әлімбековаға қатысты апелляциялық сот басталды. Жан құрбысын 40 мың долларға тақырға отырғызды деп айыпталған өнер иесі әлі де өз кінәсін мойндар емес. Қазір оны бір емес үш бірдей адвокат қорғауда. Бас адвокаты Сайрагүл Сауытбайды қорғап шыққаннан кейін атағы жер жарып тұрған Абзал Құспанов. Ал, жәбірленуші Бақыт Назарова бүгін адвокатсыз сотта сөз сөйледі.

Соңғы кезде концерт залдарынан гөрі сот залында жиі көрінетін Гауһар Әлімбекова бүгін тым сабырлы, әрі көңілді. Қолдаушылары да ғимарат ішін толтырды. Өнердегі әріптестері түрмеде жатқанында желіні шулатып бірінен соң бірі пікір қалдырып қолдағанымен, санаулысы ғана жүр. Бұған дейін қорғаушыларына көңілі толмаған соң ба, Абзал Құспанов қылмыстық істі қолға алыпты. Ол сот басталмай жатып бірден жәбірленуші тараптың адвокаты Құсайыновқа шүйлікті. Өйткені….

АБЗАЛ ҚҰСПАНОВ, ҚОРҒАУШЫ:
«ҚР 190 бабы 1 тармағы бойынша адвокаттар алқасы мүшесі Құсайыновқа қарсылық білдіремін. Одан барлық дәйектерді алып тастауды сұраймын»

Бір-біріне қарсы тарапқа кезек-кезек адвокат болған Құсайыновты төрт сағаттан соң судьялар да залдан шығарды. Сөйтіп, Абзал Құспановтың өтініші қанағаттандырылды. Жәбірленуші Бақыт Назарова созбаққа салынған соттан шаршаса керек, қорғаушысыз-ақ соттың жүруіне еш қарсылық білдірмеді. Ал, өткен сотта Әлімбекованы 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған прокурорлар бұл жолы үш жыл 4 ай ғана бас бостандығын шектеуді өтінді.

«Әлімбекова Гауһарды ҚР ҚК 190 бабы 3 тармағы бойынша үш жылға бас бостандығына шектеу жазасы тағайындалып, ҚР ҚК 44 бабы бойынша Әлімбековаға провациялық бақылау белгіленсін».

Тағы бір айта кететіні, о баста 36 адамды алдап, ақшаларын алған Феруза Ордабаева есімді азамат қазір түрмеде. Әншінің адвокаттары Аққент тұрғын үй кешенінен баспаналы болып, үш жылдан соң қуылған тұрғындарға «Арт Аутхаузинг» компаниясының өкілдері еш тергеуге қатыспағанына аң-таң. Бар ақша солардың қалтасында кетті деген пікірде. Өйткені, сол аралықта ешқайсынан несиені төлеулерін талап етпей, басшылары да ауысыпты.

АБЗАЛ ҚҰСПАНОВ, ҚОРҒАУШЫ:
«Тек қана Ерхан Оспан мырза Түркияға кетіп қалған соң басқа басшы келген. Осыны талап етіп сотқа берген. Бөліп төлеуге міндеттеп, 120 отбасы азаматтық сот бойынша шығарылған».

Ал, Гауһар Әлімбекова о бастағы сөзінен таяр емес. Егер бұрынғы құрбымнан ақшаны алсам, үш концерт беріп әлдеқашан өтеп тастар едім дейді. Алайда, олар өз қолдарымен Ордабаеваға санап берген. Мен бар болғаны таныстырушы дәнекермін, деді.

ГАУҺАР ӘЛІМБЕКОВА АЙЫПТАЛУШЫ:
«Ақша алған жоқпын, оны үш жылдан бері айтып келе жатырмын. Тағы да қайталап айтамын. Ақшаны алған жоқпын. Ұлы екеуі келісіп алып, солай жала жауып отыр маған. Ешқандай да ақша алған жоқпын. Әкелген жоқ».

Бірақ, бүгін адвокатсыз қалған Бақыт Назарова әуелі ұлым әншінің үйіне барып 14 мың доллар берді, кейін өзім қолына 26 мың доллар ұстаттым дейді. Жан досы болған соң иманындай сеніп ешбір қол хат алмағанын айтады. Несиеге кіріп, тығырықтан қалай шығарын білмей, қаржысын сұрағанымен Әлімбекова қайтармаған. Әлі тек сот арқылы жеткен соң арыз жаздым деп отыр.

БАҚЫТ НАЗАРОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
«Менің шығынымды толық өтеп берген жағдайда ғана мен медиацияға дайынмын.  Менің шығыным толығымен орнына түскен жағдайда келісім беремін,  медиацияға дайынмын».

Одан бөлек, Бақыт Назарова қазір көшеде жүріп тұрудан қалғанын айтты. Әншінің жанкүйерлері саусақпен шұқып, балағаттайтын болған. Тіпті, қара базарға келіп, қоқан лоқы көрсеткендері де бар дейді. Егер әнші үш концертінен түскен қаржыны берсе, сотқа жүгінбес едім деп жыларман күйде. Тек медиациалық келісімге де көнбей отыр, дейді. Мақсатым соттату емес, шығынымды қайтару деді. Сөйтіп, таңертең бір сағатқа түстен кейін үш сағатқа созылған сотта екі тарап ешбір келісімге келмей тарасты. Келесі сот отырысы енді 2 сәуірге белгіленді.

X