14:20 Тікелей эфир Многосерийный фильм «КЛЯНУСЬ ЛЮБИТЬ ТЕБЯ ВЕЧНО»
18:10 Эфирде әрі қарай Фильм «СЕЗОН ПОСАДОК»

Үгітіліп жатыр: Қызылорда облысында төселген асфальттің сапасы

Қызылорда облысында бір жылда төселген асфальт жолдардың тең жартысы талапқа сай келмейді! Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы осындай қорытынды шығарған. Нысанды тезірек бітіру үшін мердігерлер тіпті қыстың күні де асфальт төсеуден таянбағанын өткенде ғана көрсеткен едік. Мамандардың айтуынша бұл өрескел қателік. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

— Қолмен үгітіліп жатыр ғой асфальт, ертең ол қалай болатынын өздеріңіз де байқап тұрған шығарсыздар.

Сырдария ауданына қарасты Ақжарма аулында аязға қарамастан жол салынып жатқанын екі апта бұрын ғана түсірген едік. Мемлекеттік бағдарлама аясында тендер ұтқан екі мердігер компания елді-мекендегі 8 көшеге афальт төсеуді көктемде бастаған. Алайда көп ұзамай Алматылық мекеме өз жұмысын орта жолдан тасап кеткен. Екінші мердігер жұмысты уақытылы тапсырамын деп барын салуда. Тапсырыс беруші аудан әкімдігі нысан сапасыз болса қаржыны қайта үкіметке өткізуден басқа амал жоқ деген болатын. Ал, жол сапасын тексеретін мекеме қыста жол салуға болмайды дегенді алға тартады.

ЕРЖАН УСМАНОВ, «ЖОЛ АКТИВТЕРІНІҢ ҰЛТТЫҚ САПА ОРТАЛЫҒЫ» РМК ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ЗЕРТХАНА МЕҢГЕРУШІСІ — Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес қыс мезгілінде күн аяз кездерде минус температурада асфальт салуға болмайды. Күзгі кездерде +10-нан төмен қарай ыстық асфальт бетон жамылғысын, ал салқын бетон жамылғысын +5-тен төмен қарай салуға болмайды. Ондай ұстанымды ұстап жатқан жоқ. Өкінішке орай қазіргі кезде жұмыстар жүріп жатыр.

Өткен 2020 жылы жол сапасын тексеретін мамандар 500-ден аса мәрте тексеруге шығыпты. Сол кезде алынған 1282 сынаманың 621-і зертхана қорытындысымен талапқа сай келмейтіні белгілі болған. Шалғай елді мекендер мен аудан орталықтарын есепке алмағанның өзінде қаладағы жолдарда да кемшіліктер жетерлік екен. Осы тұрғыда жолдың сапасы жайында қызылордалықтардың пікірін білмек болдық.

АРСЕН ЕРБОЛАТ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Тасы аз, шеге құмы көп салып кетеді, бір жауын жауса ойылып қалады. Қалыңдығы 2-3 см ғана, ол не болады? Көз бояушылық қылып жатыр. Қыста қардың үстіне адам асфальт салады ма? Дарияның жағасында тұрып огород егіп жатыр да бұлар құдық қазып. Сондай тірлік қой».

РОЗА ҚАЛАБАЕВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Ойылып кетіп жатыр, жұқа салынады. Балалар тіптен азап көреді.Арасында тіптен қатты сөйлеп қояды, мына жолды қарашы деп. Былтыр салынған жол биыл аударылып жатады ғой әйтеуір. Тіпті нашар жол. Қанша ақша бөлінеді, сол жолды дұрыс салмайды ғой».

Тұрғындардың қыста салынып жатқан төсенділердің сапасына көңілдері толмайтыны анық. Жол сапасын тексеретін мамандардың айтуынша өткізу мерзімінен кешіккен мердігерлер ауа-райына қарамастан жұмысын жалғастыра береді. Сол себепті «Республикалық, облыстық бюджеттерден бөлінген қаржы уақытылы игерілмеса қаражат қайта үкімет қоржынына өтеді» деп желеулеткен жол жөндеуші кәсіпкерлер не болса да миллиондаған ақшаны алып қалуды әдетке айналдырыпты.

X