Күллі әлемді алаңдатқан кесел талай жанды көмекке мұқтаж қылып, қыспаққа алғаны белгілі. Біреуіне дәрі, енді біріне аппарат жетпей қиналғанда әлдекімдер бұл сәтті өз пайдасына жаратып, арам ақша тапқаны да айтылды. Алайда, жаны қысылғандарға қолы жеткенше көмек қылып, көзге түскендер қарасы да қалың. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Пандемияны бастан өткермейінше көбіміз әлемді қатыгездік жайлап кетті деп күйіндік. Тіпті мейірім мен қайырымнан күдер үзе бастағандай едік. Бірақ тосыннан келген кесел көп дүниеде көзімізді ашты. Көрінбейтін жауды жұдырықтай жұмыла жеңуге тырыстық.
ДАУРЕН АЙТЖАН, ФЕЛЬДШЕР:
«Тот момент я понимал что казахстанцы очень-очень сильно готовы помогать людям».
Қарағанды облысындағы Топар ауылының фельдшері Дәурен Айтжан осы қиын қыстау кезде жас та болса бас болып, ерлігімен еленген азаматтардың бірі. Ол дәрігердің көмегін қажет еткен тұрғындарға тегін көмектесіп, әр науқасты өз жеке автокөлігімен тасыған еді.
ДАУРЕН АЙТЖАН, ФЕЛЬДШЕР:
«Менің алғаш көргенім, қатты науқас адамдар. Оларды провизорлық орталықтар қабылдамай жатты. Оларды көріп, көңілім босады. Мен олардың үйлеріне барып, тегін медициналық көмек көрсетуге тәуекелге бардым».
Алматы облысының меценаты Марат Сіргебаев та індет кезінде қайырымдылықтан қалыс қалмаған қаһарман. Дәрі-дәрмек таусылып, медициналық көліктер жетпей жатқанда қария қусырып отыра алмадым дейді. Ретро үлгідегі жедел жәрдем көлігін жергілікті аурухананың меншігіне беріп, дәрігерлер мен науқастарға да қолынан келгенше тегін көмектескен.
МАРАТ СІРГЕБАЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, МЕЦЕНАТ:
«Өзіңіз білесіз мына пандемия барлық әлемді жаулап алды, барлығы осы індетпен ауырып жатыр, оның ішінде өзіміздің халқымыз және біздің қапшағайлықтар бар, көп таныстарымыз ауырып жатты осы індетпен , біздің қала кішкентай ғой барлығы бір бірін таниды, ауруханаларда көлік тапшылығын көріп және дәрі дәрмек тапшылығын көріп , өзімнің атымнан отбасымның және кәсібімнің атынан осы ретро көлікті сыйға тарттым»
Елордадағы учаскелік полицей Ерлан Жанабаев биыл бір емес екі мәрте тілсіз жаудан тұрғындарды құтқарды. Отқа оранған жатақхананы көріп, іркілместен қызыл жалынға тап берген. Ерлан бой тасалап қалғанда, кім білсін, қанша жанның ажал құшарын.
ЕРЛАН ЖАНАБАЕВ, УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦЕЙ:
«Ерлік деп есептемеймін. Менің орнымда кез келген полиция қызметкері осылай істейтін еді. Ол әрбір азаматтардың қасиетті борышы деп есептеймін. Тұрғындарға айтарым, өрт қауіпсіздігін байқасын. Жас балаларды қалдырмасын. Жалғыз Ескертетінім сол».
Ал жат елде жүріп бірнеше адамның жанын аман алып қалған жерлесіміз Әли естеріңізде болар. 28 жастағы отандасымызға хабарласып, хал-ахуалын сұрадық.
ӘЛИ:
«Иа, Аллаға шүкір, сіздерге бірінші болып айтып жатырмын Құдай қаласа бәрі жазылып, есен аман жазылып кеттім жақсы бәрі шүкір. Не болды десем болады кейде адам енді түтінмен қиналып жатқаны көз алдыма келді да көмектесу керек енді бір екі рет шақырғаннан кейін дауыс бермегеннен кейін есінен танып қалды деген ойда келді уже содан кейін әрекеттеу керек болды тезірек әрекеттеу керек».
2020 жылды Мемлекет басшысы еріктілер жылы деп жариялағаны белгілі. Шынымен де, биыл қайырымдылық пен ертедегі асар дәстүрі жаңғырып, жалпыұлттық сипатқа ие болды. Ал біздің көрсеткеніміз батырлардың бір парасы ғана.