14 жастағы жасөспірім жаттығу кезінде көз жұмды. Қайғылы оқиға Қарағандыда болды. Каратэден жаттығу жасап жатқан кезде соққы алған мектеп оқушысын дәрігерлер аман алып қала алмадық дейді. Бір ресми орган оны ауруханада көз жұмды десе, екіншісі жедел жәрдем келмей жатып, жазым болған деп ақпар беруде. кімдікі рас, кімдікі өтірік? Кім не жасырып отыр? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Данилдің жаттыққан жері — осы. Көпқабатты үйдің жертөлесі. 8 наурызда кезекті жаттығуына келген ол, үйіне қайта оралмады. Залда өзін жайсыз сезініп, көп ұзамай көз жұмған. Әдетте есігі айқара ашық бұл жерге, бүгінде емін-еркін кіру мүмкін емес. Жаттығуға келгендер де қашан ішке енгізеді деп тұр. Бір кезде есік ашылып, мынадай жауап естідік.
«Мы вам не будем ни накакие вопросы отвечать! Вы руководству позвоните. А что вы закрываетесь? В чем проблема? Мы не будем нинакаие вопросы отвечать! Тайна следствия!».
Жасөспірім жаттығуға Қарағандыдан 40 шақырым жердегі Дубовка ауылынан келіп жүріпті. Сондағы орта мектепте 8-сыныпта оқып жүрген екен. Болған жағдай туралы облыстық білім бөліміне жіберілген қызметтік хат қолымызға тиді. Онда көрсетілгендей, кеудесінен ауыр соққы алған.
АБАЙ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ЖОЛДАҒАН ҚЫЗМЕТТІК ХАТЫНАН:
«2019 жылдың 8 наурызында Қарағанды қаласындағы Крылова көшесі, 11 мекен-жайында орналасқан тұрғын үйдің жертөлесінде кратэден жаттығу өткен. Онда Дубовка ауылының орта мектебінен екі оқушы қатысқан. Жаттығу кезінде 8-сынып оқушысы кеуде тұсынан соққы алып, ауруханаға жеткізілді. Сол жерде көз жұмды».
Бірақ облыстық Денсаулық сақтау басқармасының дерегі бұған қайшы. марқұм ауруханада емес, жедел жәрдем жеткенше, залда көз жұмған деп отыр.
АЙЖАН ИСА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ-ХАТШЫСЫ:
«Жедел жәрдем дәрігерлері келгенде бала уже қайтыс болып кеткен. Бірақ оған қарамастан бүкіл реанимациялық көмек көрсетілді. Ешқандай нәтиже берген жоқ. Қасындағы адамдардың өтініші бойынша дәрігерлер оны облыстық кардиология-хирургиясына апарды. Ол жерде де бүкіл реанимациялық көмек көрсетті. Бірақ ол да өкінішке орай, ешқандай нәтиже бермеген жоқ».
Қайғылы оқиғаның жай-жапсарын полицейлер тергеп жатыр. Жаттықтырушы да, жедел жәрдем қызметкерлерінің әрекеті де тексеріледі дейді.
ЖАНАТАЙ СЕМБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:«Болған оқиғаның мән-жайын жан-жақты нақтылау мақсатында сотқа дейінгі тергеу басталды. Қорытындысы бойынша жаттықтырушы мен жедел жәрдем қызметкерлерінің іс-әрекетіне құқықтық баға берілетін болады».
Оқыстан көз жұмған жасөпірімнің кәсіби спортпен айналысқанына 10 жыл болып қалыпты. Каратэден өткен қалалық, облыстық жарыстарда бірнеше мәрте топ жарған екен. Болашағынан үміт күттірген спортшының өліміне нақты не себеп болғаны жақын уақытта белгілі болмақ..