«Артық қыламын деп, тыртық қылды». Осылай демеске амал жоқ. Алматы облысында бүтін бір ауыл Талғар ауданы әкімдігінің қабылдаған шешімінің арқасында ауыз судан қағылды. Әкім-қаралар қара күзде ауыл халқы су ішіп отырған құбырларды кесіп тастап, жаңасын салмақ болыпты. Салдарынан не жаңасы салынбай, не ескі құбыр кәдеге жарамай жұртшылық жуыну түгілі бір шәугүм суға зар болуда. Қар басып қалғандықтан жұмыстар көктемге дейін қалып қоя ма деп қауіптенуде. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Еңбекші ауылы тұрғындарының негізгі кәсібі мал шаруашылығы. Олар үйлерінде мал бордақылап, етін сатып, нәпақа табады. Солардың бірі — Ернар Айтбаев . Қорадағы түйесіне су тауып берудің өзі мұң болғанын айтады. Көше қазылғандықтан малы сыртқа шықпайды. Ал арнайы жеткізілетін су өздеріне артылмайды.
ЕРНАР АЙТБАЕВ, ЕҢБЕКШІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Өзіміз ішпек түгілі малдарымызға да су жоқ. Өздеріңіз көріп тұрсыздар. Төрт түліктің бірі — түйе. Бұған бірақ тілмен айтып жеткізе алмайсың су жоқ деп. Тек қана менде емес, осы ауылда қаншама адамдар төрт түлік, оның ішінде ірі қара сиыр малымен айналысады».
«Жазда неге жасамайды, жадыраған жазда?. Қыста келді да барлығын қиып-қиып тастады. Барлығы қататын болды ғой».
Ауыз судың азабын әбден тартқан еңбекшіліктер шу шығарып, аудан әкімінің келіп жауап беруін талап етті. Айтуларынша, өткен жылы әр түтін жүз мың теігеден жинап, ауылдағы су құбырын қалыпқа келтіріпті. Алайда биыл ескі құбырдың барлығын кесіп тастап, әкімдік жаңасын тартуды қолға алыпты. Оның өзін қара күзде бастаған.
АЯЛА ҚҰЛАҚОВА , ЕҢБЕКШІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Ешқандай су жоқ, вообще өлдік. Бет жуа алмай қалдық, қол жуа алмай қалдық. Не деген сұмдық?. Қыстың күні неге қазып жатыр?. Планда жоқ дейді бірдеңке десе. Сонда бүкіл поселкада планда бар да, бізге келгенде планда жоқ болып қала ма? Не деген сұмдық? Судан өлдік қой».
Жаңа жоба бойынша бүкіл ауылды сумен қамту жоспарда жоқ екен. Кей көшелер жоспарға енбей қалса, жоспарда бар үйлерге су құбырын тартуды өздеріне міндеттеген. Ауылда қазір не су, не жол жоқ.
САЙЛАУХАН БАЙҒОЖАЕВА, ЕҢБЕКШІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Студенческая көшесін вообще планда жоқ деп отыр. Не сұмдық ол?. Көрген шығарсыздар бәрінде бар қазып жатқан. Үй-үйіне кіргізіп алды. Біздің Студенческийді қазбақ түгілі жолаған да жоқ. Әлі қазған да жоқ. Әлі біздің көшемізге келген де жоқ ешнәрсе. Неге қарамайды біздің көшеге?».
НАРИМАН ЗАНДАРОВ, ЕҢБЕКШІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:»Әр үй мына көк құбырды сатып алу үшін кем дегенде 100 мың теңгеден жұмсады. 10-15 үйге бір құдық қалдырған. Коронавирус деп жатыр. Ал бізде бет түгілі қол жуатын су жоқ».
Көшелерге өткен жылы ғана асфалт төселген көрінеді. Енді олардың тас-талқаны шыққандықтан кей көшелерде жүру тіптен қиындап кеткен.
Алтынемел көшесінің қазіргі сыйқы осы. Мұнда көлік түгілі жаяу адам әрең жүреді. Егер апатты қызметтерді шақыратын болса, мұнда кіру әсте мүмкін емес.
Ал аудан басшылығы мұндай шешім қабылдауға тұрғындардың өзі кәнәлі деп отыр. «Алматы су» мекемесіне тұрғындар 10 миллион теңге қарыз болғандықтан су беру тоқтатылыпты. Мәселені шұғыл арада шешу үшін әкімдік Еңбекші ауылын сумен қамтуға 50 миллион теңге бөліп, уақытша жоба жасапты.
ЖАНКЕЛДІ ӨМІРӘЛИЕВ, ТАЛҒАР АУДАНДЫҚ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: «Бұл жобаны тез уақытта жасады да, мәселені шешу керек болды. Сондықтан тез-тез жасады. Сол үшін колодец-колодец қылып жасап жатыр да, мынандай трубалар жүргізбек. Келесі жылы үлкен жобалар жасайды, сол кезде бүкіл көшелер енеді. Су құбыбырын ақша сұрап, осы сентябрде мәслихатта ақша бөлінді. Содан кейін октябрдің соңында басталды. Осы бір аптаның ішінде толығымен біртіреді».
Ал әкімдік келер жылы кешенді бағдарлама жасап, бүкіл ауылды ауыз сумен толық қамтимыз деп сендіпді. Егер бір аптаның ішінде уәде етілген су берілмесе жұртшылыққа 5 шақырым жерден ауыз суды тасып ішуден басқа амал жоқ.







