Ал осы көпбалалы отбасыларға берілетін 16 мың теңге жәрдемақыны көпсінген Мәдина Әбілқасымова бұрынғы қызметіне қайтып келді. Ол әлеуметтік саланы басқарғанға дейін Ұлттық экономика министрінің орынбасары болған еді. Үкімет отставкаға кеткенде жұмыссыз қалған ол, бүгін сол лауазымына қайта тағайындалды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған кезде Мәдина Әбілқасымованың «16 мың теңге көп балалы отбасыларға жетеді, мұндай аналар жылдар бойы мемлекеттен миллиондаған теңге көмек алады» деген бір ауыз сөзі ел-жұрттың ашуын тудырған еді. Ал Астанада бір үйдің бес баласы аядай баспанада өртеніп, қаза тапқанда Әбілқасымова қоғам сынына ұшырады. Жұртты, балаларын бағып-қағу үшін ата-анасының түн қатып жұмыс істеуге мәжбүр болғаны қапаландырған еді. Осындай олқылықтардан кейін Президент «халықпен жұмыс істей алмадыңдар, олардың кірісін ұлғайту үшін жүйелі жұмысты жолға қоймадыңдар» деп Үкіметті таратып жіберіп, қайта жасақтаған болатын.
Мәдина Әбілқасымова бұрынғы қызметіне қайтып келді
Дата: 12.03.2019