Оқу жылы басталғалы екі жүзден астам мұғалім мен мың шақты оқушы коронавирус жұқтырған. Олардың дені қашықтан оқып жүргендер. Дәстүрлі түрде оқуға ауысқанда бұл цифрлар әлдеқайда көп болар еді. Бұл жайында екінші тоқсанға қатысты жоспарлармен бөліскен Білім министрлігінің өкілдері хабарлады. Тәж-тажал алқымнан тағы алып жатқанда мектепке барып жүргендердің санын көбейткеніміз дұрыс па? Кезекші сыныпқа келетіндер жаңа жылды қалай тойлайды? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Екінші тоқсан ел мектептерінің тең жартысы үшін тағы да онлайн форматта басталды. Ол түсінікті де. Вирустың жаңа толқыны қазір әлемді аяғынан тік тұрғызып жатқанда, өскелең ұрпақтың денсаулығына немқұрайлы қарауға болмайды. Алайда, балалардың білім сапасының төмендеуіне де жол жоқ. Бұл жайында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше ғана өткізген арнайы жиында атап көрсетті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
«Ата-аналар шыдамдылық танытып, қазіргі ахуалға түсіністікпен қарауы керек. Осындай жағдай тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қалыптасып отыр. Біз білім сапасының төмендеуіне жол бермеуіміз қажет. Оқыту нәтижесіне мониторинг жүргізіп, білім саласындағы олқылықтарды жою үшін уақтылы шаралар қабылдау керек.Үкіметке облыс әкімдерімен бірлесіп, шектеу шараларына қарамастан, білім сапасын бақылау жұмысын күшейтуді тапсырамын».
Балалар мектепке оралысымен олардың білім сапасы тексеріліп, қажет болса бағдарламаға өзгеріс енгізілмекші . Бұл жайында арнайы брифинг өткізген Білім министрлігінің өкілдері хабарлады. Екінші тоқсаннан бастап бесіншіге баратындардың арасында да кезекші сыныптар ұйымдастырылғаны белгілі. Тек ел астанасында 20 мыңнан астам бүлдіршін парталарға қайта отырыпты.
Баласын кезекші сыныптарға жіберуге құлшынағандардың ішінен мектеп әкімшілігі үйлерінде ғаламтор жылдамдығы нашар, көп балалы және компьютер мен планшеті жоқтарды ғана таңдап алыпты. Оның өзінде баланың портфелінде бірнеше бетперде, бір бөтелке су болуы шарт. Өйткені асханалар әлі жұмыс істемейді.
Айжан Есмағамбетова ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы :
«1 қыркүйек пен 16 қараша аралығында кезекші сыныпқа барып жүрген 302 оқушыдан коронавирус анықталды. Бір баладан вирус пневмониясы табылды. Қазір 456 бала емделіп жатыр. Оқу жылының басынан бері мектеп қызметкерлерінің арасында 241 жағдай тіркелді».
Ауру жұқтырған ұстаздарға қатысты мәселені арнайы комиссия зерттемек. Мұндай жағдайда мектепті түгел жабу керек пе, әлде тек осындай мұғалімдер сабақ берген сыныптарға ғана тыйым салына ма , бұл мәселе де осы комисияның құзырында. Кейбір өңірлерде онлайн сабақ берген мұғалімдердің жалақысын қысқарту оқиғалары да тіркелген екен.
РҮСТЕМ БИҒАРИ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
министр образования говорил никаких срезов не будет ….. «Еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов онлайн сабақ беретін ұстаздардың жалақысы қысқармайды деп нақты айтқан еді. Сондықтан мұндай фактілерді заңсыз деп есептейміз. Әрбір жағдай бойынша жеке жеке зерттеу жүргізуге дайынбыз. Егер қандай да бір себеппен айлығы азайған мұғалімдер болса , біздің сайтқа шағымдануға болады».
Биыл кезекші сыныптардағы бүлдіршіндерге Аяз ата да келмейді. Жаңа жыл мерекесін санитар дәрігерлер отбасы, ошақ қасында тойлауға кеңес беріп отыр.







