Оралдағы психоневрология диспансердің емделушілерін жертөлеге жатқызған. БАҚ-та тарап кеткен мына видеода науқастар жатқан бөлмелерде терезенің де жоқтығы айтылады. Емделушілер суық бетонда қалың киіммен ұйықтауға мәжбүр екен. Аталған оқиға жөнінде мекеме басшысы да сұхбат берді. Оның сөзінше, ғимаратта жәндіктерді улау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Ал, бөлемелерге сыймаған 40-қа жуық емделушіні спорт залға уақытша орналастырыпты. Қоғамдық пікірталас туғызған оқиғаның анық-қанығын білу үшін мұнда бүгін құқық қорғаушылар да келіпті. Олар науқастар жертөлеге жатқызылмаған дейді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
ПАВЕЛ КОЧЕТКОВ, ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ:
«Бұл — жертөле емес. Диспансер емделушілері спорт зал мен акт залына жатқызылған. Жәндіктерді улау жұмыстары жүргізілмеген. Мамандардың сөзінше, психоневрология ғимаратында орын болмаған соң, амалсыз осындай шараға барған. Дегенмен, олар уақытылы тамақпен қамтамасыз етіп жатырмыз деп сендірді. Аталған оқиға бойынша, барлық құжаттар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жіберілді».