Президент: Оқулықтарды оқып, олардың сапасыздығына таңғалдым
28 января 2021
Қазақстан мен әлем тарихы сапасыз жазылған. Оқушылар жалған фактілермен сусындап жүр. Осылай деген Мемлекет басшысы аталған екі пәнді қайта жазуға тапсырма берді. Оқулықтағы олқылықтар мәселесі осыған дейін талай айтылып келсе де, талай министр ауысса да нәтиже жоқ. Осы орайда, еліміздің тарихшылары Президенттің сынын қалай қабылдады? Тәуелсіздік жылдарында дәлелденген деректер неліктен оқулыққа енгізілмей келеді? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Қазақстан тарихындағы қате деректер осыған дейін талай айтылды, жазылды. Бергісі Бөкей ордасы, арғысы ақ орданың айналасында.
ЖАҚСЫЛЫҚ СӘБИТОВ, ТАРИХШЫ:
» Бізде теріске шығарылған бір дерек бар. Ақ Орда мемлекеті жайында. Қазір Ақ Орданың ешқандай да мемлекет емес екені дәлелденді. Ол ханның резиденциясы. Бату ханнан Абылай ханға дейін Ақ Ордада мекен еткен. Оны ешқандай да мемлекет деуге келмейді».
Өкінішке қарай, тарихымыздың қазіргі сиқы осы. Дүдамал деректер, бұрмаланаған болжамдардан көз ашпайсыз. Күні кеше Президенттің өзі Қазақстан мен әлем тарихын ашып қарауға ұяламын дегенге келтірді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ: «Бүгінгі таңда мектептерде Қазақстан және дүниежүзі тарихы бойынша оқулықтар пайдаланылады. Бұл жерде көптеген сәйкессіздіктерді көруге болады. Мен өзім бірнеше оқулықтарды оқып, олардың сапасыздығына таңқалдым. Тарихи оқиғалар мен фактілер оқушыларға бұрмалаусыз жеткізілуі керек. Сондықтан Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы бойынша бірыңғай мектеп оқулықтарын әзірлеп, енгізуді тапсырамын».
«Президенттің мұнысы орынды», — дейді тарихшылар. Тек маңызды істі санасы кеңестік идеямен уланбаған, жас мамандарға сеніп тапсырса деген тілек бар. Әйтсе де, бізде тарихшылар жоқ емес. Нақты санын қайдам, тас лақтырсаң профессор, доктор, кандидаттарға барып тиетіні рас. Әйтеуір, 30 жыл өтсе де бір елдің тарихы бір ізге түспей келе жатқаны қоғамда тізесі шыққан тақырыпқа айналды.
СҰЛТАНХАН АҚҚҰЛҰЛЫ, ТАРИХШЫ:
«Жаппай құғын-сүргін саясатын алайық. Қазақтың қанша зиялысы құрбан болды. Нақты дерек жоқ. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында 1930-40 жылдардағы жаппай құғын-сүргін құрбандарының істері әлі құпиясын жойған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев қуғын-сүргін құрбандары мен олардың ұрпақтарын, соларды ақтайтын мемлекеттік комисия құрылсын деген тапсырма берді».
Тарихшының сөзінше, комиссия құрылыпты. Бірақ аты бар да, затын әзірге көзіміз шалмады дейді. Осы ретте Жақсылық Сәбитов қазіргі буын оқып жүрген тарих кітабы 30 жылға артта деп ашынып тұр. Себебі, тәуелсіздік жылдарында дәлелденген деректер оқулықтарға әлі күнге енбеген.
ЖАҚСЫЛЫҚ СӘБИТОВ, ТАРИХШЫ:
«Басты проблема мынада болып отыр. Мектеп оқулықтары мемлекеттік стандартқа сүйене отырып жасалады. Ал мемлекеттік стандарт Қазақстан тарихының академиясына сілтейді. Ал ол ескірген. Ол 90 жылдары жазылған. Оған біз ашқан жаңа құжаттар енгізілмеген».
Ал оны енгізуге ешкім асығар емес. Халықтың бір үміті «бас ұстаз» Асхат Аймағамбетовте болған. Министр білім саласына келгенде басқа емес, тарихшылар айрықша қуанған еді. Тарих маманы алдымен, Қазақтың тарихын түгендейді деп. Бірақ екі жыл өтсе де, баяғы жартас сол жартас.
БЕКБОЛАТ ТІЛЕУХАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Министрлік баспаға айтады, баспа госстандарттан көреді. Олар оқулықтың орталығына айтады. Оқулық орталығы авторлы топқа айтады. Қысқасы қайсысының құйрығын ұстарын білмейсің».
СҰЛТАНХАН АҚҚҰЛҰЛЫ, ТАРИХШЫ:
«Тәуелсіздігіміздің 30 жылында тарихымызды оқытпаймыз, білмейміз. Халықтың басым көпшілігі, 99 пайызы әлі өзінің төл тарихын білмейді. Ал өз таризын білмеген халық ол ұлтшыл бола алмайды».
«Қысқасы, қойшы көп болса, қой арам өледінің кері. Ал оқулықтардағы олқылықтар түзелмейінше, тұтас бір толқын жалған тарихтың жетегінде кете берері анық».