QR-код: Қазақстандықтар қызыл, сары, көк және жасыл болып бөлінеміз
1 февраля 2021
Қызыл, сары, көк және жасыл. Қазақстандықтарды осындай түстерге бөліп, қоғамдық орындарға тек QR-кодпен кіргізу ұсынылды. Оны еліміздің Цифрлық даму, Денсаулық сақтау министрліктері мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп әзірлеген. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. Үш тарап ол үшін «Ashyq» деп аталатын мобилді қосымшасын да ойлап тауыпты. Тың дүние авторларының пікірінше, кімде-кім кинотеатр, фитнес-орталығы, спа-салон сынды орындарға барса, кіреберісте қосымша арқылы арнайы QR-кодты сканерлеуі тиіс. Осы әрекеттен кейін гаджет бетінде келушінің қызыл, не сары, не көк немесе жасыл мәртебесі анықталады. Егер қызыл шықса, ол адамның қозғалысы шектеулі, үйде оқшаулануы керек дегенді білдіреді. Демек, ол көпшілік келетін жерге кіруге құқығы жоқ. Ал, сары түс шықса, оның вирус тасушымен байланыста болды деген сөз. Сондай-ақ ол оқшаулауға кеткен орыннан 500 метрден аспайтын дүкенмен дәріханаларға ғана бар алады. Көк түс түссе, қозғалысқа еш шектеу жоқ. Тек әуежайда ПТР тест қорытындысын көрсетуі тиіс. Ал, гаджет жасыл түсті көрсетсе, адамға ешқандай шектеу қойылмағанына дәлел.