Ұрланған көліктер жыры
30 ноября 2021
20 жастағы алматылық азамат Ресей Федерациясында ұрланған көліктер тізімінде тұрған 11 темір тұлпардың иесі болып шыға келген. Бір қызығы, оның бәрін жас жігіт өз атына қалай тіркелгенінен мүлдем бейхабар. Оның ішінде жол талғамайтыны, бизнес кластағы жапондық седандар және екі КАМАЗ да бар екен. Кілтін ұстамақ түгілі, қандай да бір құжатқа қол қойып, атына жаздырмаған азамат енді солардан қалған жарты миллионға жуық салықты төлеуге міндеттелген. Оны айтасыз, банктік шоттары да бұғатталып, бұл жайсыз жайт жұмыс істеуіне де кедергі келтіруде. Сонда біздің елімізде кім көрінгеннің атына бөтеннің көлігін тіркеуге қойып, шығара беру мүмкін бе? Шарадай басы шақшадай болған алматылық жігіттің мәселесінен толығырақ тілшіміздің келесі сюжетінен қаныға аласыздар.