Сәтбаевтағы 5 жасар қызды бір емес, үш адам зорлағаны анықталды
12 февраля 2021
Өткен жылы Сәтпаев қаласының жұртын аяғынан тік тұрғызған сұмдық қылмысқа қатысты тың ақпарат шықты. 5 жасар қыздың зорлануына бірнеше адамның қатысы бар екен. Қарағанды облыстық прокуратурасының мәліметінше, шаһардың тағы екі тұрғынына бүлдіршінді ұрлау мен зорлауға қатысты деген айып тағылған. Сондай-ақ, негізгі күдіктіні өздері жазаламақ болып, жаппай тәртіпсіздік жасағандары үшін 57 адамнан жауап алыныпты. Іздеуде болған үш адамның біреуі қолға түскен. Қылмыстық іс тергеліп болып, сотқа жіберілген. Еске салайын, оқиға 2020 жылдың 23 шілдесінде болған еді. Ұрланған 5 жастағы бүлдіршін жергілікті тұрғынның пәтерінен табылған болатын. Баланы ата-анасы және еріктілермен бірге іздеген халық бас көтеріп, педофилді өздері жазаламаққа ниеттенген. Тәртіп сақшылары күдіктіні баспанасынан полицей киімімен алып шығуға мәжбүр болған. Кейін ер адам тергеу абақтысында суицид жасап, изолятор жетекшілері жазаға ілікті.