Алматы облысындағы Текелі қаласының саяжай тұрғындары кәсіпкерлер қатарына қосылуы мүмкін. Арнамызға шағым айтқан кооператив мүшелері әкімдік пен салық басқармасындағылар заңды тұлға ретінде тіркеліп, салық төлеуді міндеттеп отыр, дейді. Сондай-ақ, сәуір айына дейін онлайн кассалық аппарат орнатуды бұйырған екен. Саяжайды алты-ақ ай пайдаланатын тұрғындар жеке тұтынушыларға мұндай қысым көрсетілмеуі тиіс деп санайды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Короче, им выгодно было нас загнать и теперь с нас доить деньги. Потому что самые плотежаспособные конечно пенсионеры».
Текелі қаласындағы саяжай кооперативіне 1 ай бұрын салық басқармасынан кассалық аппарат орнатыңдар деген ескерту келген. Егер талап орындалмаса 60 мың теңге айппұл төлеуі тиіс екен. Тұрғындар мұнымен келісетін болсақ кәсіпкерге айналып, қосымша табыс салығын төлеуге міндетті боламыз деп алаңдап отыр.
ЛИЗА ҚОҺАНОВА, САЯЖАЙ ТҰРҒЫНЫ: «Налоговыйдағылардың бұлай істеп отырғандары дұрыс емес. Кассовый аппарат бізге керек емес. Біз өзіміздің аз ғана пенсиямызға енді кассовый аппарат аламыз ба сонда?».
Кооператив мүшелігінде 500 ден астам адам бар екен. Көбісі зейнеткер болған соң, жер салығынан босатылған. Саяжайды бау-бақша егу үшін ғана 6 ай уақыт пайдаланамыз, дейді. Кезінде жеке тұтынушы ретінде су мен жарыққа ақша төлеп келгендер биылдан бастап заңды тұлға боп тіркелгендерін айтады. Наразы топ «Салық туралы» заңнамадағы өзгерістермен танысу үшін басқармаға барғанда мынадай жауап алған екен.
СВЕТЛАНА СОЛЯНИК, САЯЖАЙ КООПЕРАТИВІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:»Нам был ответ «мы не имеем право показать такой закон». Вот так вот!».
Саяжайда жөні түзу жол жоқ. Тұрғындардың басым бөлігі электр жарығынсыз отыр. Егіндерін суару үшін тіршілік нәрін көрші Ескелді ауданынан сатып алады екен. Саяжай тұрғындары ешқандай жағдай жасамай жатып осындай салық салғысы келген әкімдіктегілердің әрекетін түсіне алмадық деп отыр.
АНАР МЫРЗАХМЕТОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:»Дачаны балалар үшін ұстаймын, балаларыма тамақ үшін ғана. Жеу үшін жеміс-жидек қана егеміз. Не үшін мен балаларымнан жырып, налог төлеуім керек?».
Саяжайға мүшелікке енгені үшін тұрғындар маусымына 500 теңге көлемінде салық төлейді. Ал егін суару үшін пайдаланып жатқан суға 3 мың теңге береді екен. Төлемдердің түбіртегін тиісті органдарға кооператив басшылары жеткізеді. Салықтағы өзгерістер туралы саяжай тұрғындарына түсіндіру жұмысын жүргізген жауаптылар бұл қолма-қол төлемнен құтылу үшін жасалып жатқанын жеткізді. Бірақ, Мемлекеттік кірістер басқармасының өкілі аталған өзгерістердің салыққа еш қатысы жоқ деп отыр.
МӘУЛЕН ТҰРАБАЕВ, ТЕКЕЛІ ҚАЛАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Біреу, мысалы, өтірік қағазбен бере салады. Төлеген, төлемегенін ол ертең дәлелдей алмайды ғой. Сол үшін аппарат орнату керек. Бірақ, оларға салық төлеу міндеттелмейді».
Егер саяжайдағылар кассалық бақылау аппаратын орнатудан бас тартса екінші деңгейдегі банктердің бірінен есепшот ашып, төлемдерді жүзеге асыруға болады екен. Дегенмен, олар бұған күмәнмен қарайды. Егер басқарма өкілдерінің айтқаны расталмай, қосымша табыс салығын төлеу міндеттелсе, тұрғындар саяжай кооперативін таратуға бекініп отыр.