2:05 Тікелей эфир «АЙНА» бағдарламасы
2:30 Эфирде әрі қарай «П@УТINA» бағдарламасы

Саяжайдан сән кетті

Алматыда айналма жолдың жанынан үй салып, көшіп келгендер бірнеше қиындыққа тап болды. Әуелі тіршілік нәрі жетіспесе, одан кейін қара жолдың да жағдайы мәз емес. Тіпті, саяжайға кірітен жалғыз жолдың өзі жабылып қала ма деп қауіптенуде. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Кемертоған ауылына іргелес жатқан саяжайға тұрғындардың алды 4-5 жыл бұрын көшіп келген екен. Төрағасын сайлап, «Байтөбе» деп атын да қойған. Қазір мұнда жүзге тарта түтін бар. Алайда, ауыз толтырып айтар мардымды ештеңеміз жоқ дейді. Өйткені, тіршілік нәрінің зардабы әбден өткен. Өткен жылы бір айдың көлемінде барлығың ауыз судың рахатын сезінесіңдер деп уәде берген компания, бірталай уақыт өтсе де өнімді тірлік бітірмегендігін алға тартуда.

ЕРНАТ ҚАСЫМЖАНОВ, «БАЙТӨБЕ» САЯЖАЙЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Содан күнде ертең, міне бір ай қалды, бір аптада түсіріп беремін деді. Өткенде келіп колодецтерін қойып кетті әр жерге, ол шығарып қойған суы қатып жатыр. Колодецтерінің өзі толық қойылған жоқ. Былтыр 19 қарашада үйді-үйге су кіріп тұруы керек болған. Уже міне 2020-ның қарашасы болды. Тура бір жыл болды, міне».

Қазір мұндағылар тоннасына екі мың төлеп, алты тонналық су тасу көлігін жалдап келеді. Оның өзі жауын жауса ат ізін салуды доғарады дейді. Сондықтан, көлігі барлар қалаға барып немесе жақын маңдағы таныстарынан сұрап әлек. Гүлсім Әбенова осы маңда тұратын қариялардың бірі. «Күміс алқа» иесі. Үйінде төрт немересі болғандықтан, олардың кірі бар, тұтынатын суымыз бар тіршілік нәріне жарымай отырмыз дейді. Бұдан бөлек, газдың ақшасын төлесек те рахатын сезіне алмай отырғандарын жеткізді.

ГҮЛСІМ ӘБЕНОВА, , «БАЙТӨБЕ» САЯЖАЙЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Көмектерің болсын, газды кіргізіп берсеңдер айналайын сөйтіп едім, төрт айдан кейін деді. Бір айға да жеткізбей барып пожарный көреді, қосып береді деді. Ақшасын төледім, ол да жоқ. Одан да хабар жоқ».

Негізінен мұнда газ құбыры келген. Тұрғындардың айтуы бойынша, қосу ақысы шамамен 320 мың теңге дейді. Бірақ, орталық желіден алыс орналасқан үйлерге жеткізу үшін тағы да төрт жүз мыңнан астам теңге қосу қажет екен. Ондай қаражатымыз жоқ дегендер құнын түсірсе дейді. Ал, қара жолдың мәселесі мүлде бөлек.

Қазір тұрғындар ауылға кіріп-шығу үшін «Үлкен Алматы» айналма жолын кесіп өтіп кіруде. Құрылыс жұмыстары жүріп жатқандықтан жалғыз мүмкіндігіміз осы дейді. Алайда, бұл да толық бітсе, қалаға қалай қатынайтындарын білмей дал.

Қазір тұрғындар үйлеріне ирелеңдеген жол арқылы жетеді. Оның өзін айналма жол салып жатқандардан сұрап алған екен. Ал, ары қарай не болатыны беймәлім. Инфрақұрылымның зардабын тартып отырғандар қандай да бір көмек болса дейді. Бірақ, атқамінерлер бұл жердің елді мекен шекарасына жатпайтындығын меңзеп әзірге ешқандай әрекеттің жүрмейтіндігін жеткізді.

АБЫЛАЙ ЫСҚАҚОВ, ІРГЕЛІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: «БАКАД-тың жолының бойындағы жерлер, ол деген мен сіздерге айтайын қазір, 90 пайызы шаруа қожалық жерлер. Он пайызының қазір мақсатты бағыты өзгертілген шығар саяжай болып. Ол жерлер жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілмейді. Неге десеңіз, өйткені елді мекен шекарасынан тыс жерлер».

Ауыл әкімінің сөзінше, айналма жолдың бас жоспары енді ғана жасалып жатқанға ұқсайды. Онда мектеп, медициналық орталық барлығы қарастырылған дейді. Болашақта отыз мыңға жуық тұрғын шоғырлануы мүмкін деген басшы, барлығы бас жоспардан кейін белгілі болады деп отыр. Көптің қаржатын жинап алып, осы уақытқа дейін су мәселесін шешпеген компаниямен арадағы мәселені шешу үшін тұрғындарға көмек беруге әзір екенін де атап өтті.

X