18:10 Тікелей эфир Фильм «СЕЗОН ПОСАДОК»
20:00 Эфирде әрі қарай «АНАЛИТИКА»

Сайлауға қатыспаймыз! ЖСДП бойкот жариялады

Сайлауға қатыспаймыз! Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы бойкот жариялады. Саяси ұйым төрағасы кезектен тыс съезде алдағы Мәжіліс пен Мәслихат сайлауына қатыспауды ұсынды.  2007, 2012 және 2016 жылдары саяси майдандарда бой көрсеткен партия бұл жолы оза шабатындарына күманмен қарайды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Қазақстандағы жалғыз оппозициялық партия». Өздерін осылай атайтын жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының сайлауалды бағдарламасы алдағы саяси доданың көрігін қыздырама деген сенім болғаны рас. Алайда кезектен тыс съезде партия мүшелері әдеттегідей, уыс-уыс уәдені үйіп төкпеді. Керісінше, тілеулестерінің үмітін үзіп, бәсекелестерінің бағын жақындатты.

АСХАТ РАХЫМЖАНОВ, ЖСДП ТӨРАҒАСЫ:
«Алдағы уақытта, жарты жылдың ішінде партияның шешімі дұрыс болғанына көздеріңіз жетеді. Бұл шешім бізге оңай түскен жоқ. Алда әлі сайлау болады. Уақыт өтіп жатыр, біз биыл біраз істің басын қайыруға тырыстық. Бірақ объективті себептер бізге кедергі келтірді. Бізге жаңа серпін керек, бұл белгіні ғана емес, жұмыс әдістерін де өзгерту деген сөз. Осы бойкотпен өмір тоқтамайды, сондықтан біз партия құруды жалғастыруымыз керек».

Ұсынысты партияның 32 мүшесі қолдап, үшеуі қарсы шықты. Саяси ұйым тіпті сайлау барысын бақылауды да құп көрмейді. Алайда қызу науқанды қадағалауға қатысты соңғы шешім әлі қабылданған жоқ. Съезде партияның 2007, 2012 және 2016 жылдары да сайлауға қатысып, ешқандай нәтиже көрмегені айтылды.

ТАЗАБЕК СӘМБЕТБАЙ, ЖСДП ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Біздің партия әрдайым ашық болды. Партия сайлаудан сайлауға дейін де қызметін жасап жатыр. Сайлау кезінде де біздің заңды жұмыс формаларымыз өте көп. Біз қазір мұнымен тоқтамаймыз. Әрдайым халықтың ішінде жүреміз».

Саясаттанушылар партияның бұл шешімі ұйымның саясат сахнасынан сырғуына жасалған кезекті қадам деп есептейді. Қазақстанның саяси һәм қоғамдық өміріндегі алғашқы оппозициялық ұйым деген дардай атының көп мүмкіндікке жол ашар еді, дейді.

ҚАЗБЕК МАЙГЕЛДИНОВ, САЯСАТТАНУШЫ:
«Бұл партияның қазіргі қауқарсыздығын көрсетіп отыр. Мүмкін олардың қаржылық тұрғыдан немесе ішкі тұрақтылықтың болмауынан нәтижесінде бұл партияның алдағы сайлауларда да сайлу үрдістерінде мүлдем жоқ болып кетуіне алғышарттар жасалған сияқты. Өйткені саяси партиялар белсенділігін көрсетпейтін болса, сайлаушылары жоғалтып алды».

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 2007 жылы ресми тіркеуден өткен. 2016-да парламент сайлауына қатысып, 1,18 пайыз дауыспен Мәжіліске өтпей қалды. Осыған дейін  Жармахан Тұяқбай, Ермұрат Бәпи сынды саяси тұлғалар төрағалық еткен саяси ұйымның бірінші байкоты емес бұл. Өткен Президент сайлауынан да қалыс қалғаны белгілі. Айта кетейік, бүгінге дейін «Нұр Отан», «Ақжол», «Қазақстанның халық партиясы», «Адал» және «Ауыл» партиялары съездерін өткізіп, тізімдерін бекіткен болатын.

X