9:25 Тікелей эфир «ПРОУЮТ»
10:25 Эфирде әрі қарай Многосерийный фильм «НАША ДОКТОР»

Шымкентте тауық қырылып жатыр

Шымкентте тауық қырылып жатыр. Соңғы бір аптаның ішінде «Бадам» елді мекенінде 100-ге жуық үй құсы қырылған. Белгісіз дерттен арам қатқан қанаттыларды иелері өз күшімен өртеп, көздерін жойыпты. Ал, тірі қалғандарының аузына арақ тамызып, адыраспанмен аластатып, әйтеуір аман алып қалғандарын айтады. Бірақ, соған қарамастан, кейбірі шетінен баудай түсіп жатыр екен. Әзірге, індеттің неден келгені белгісіз. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

БАЗАРБЕК РАУШАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Ойда-қырда ештемеден көмек болмады ғой, дәрі-дәрмектен. Өздерінен өздері тамақтары қыжылдап, ауыздарынан су ағып, қырылып бітті. Құс тұмауы деп айтты маған. Кеше звандап білгенімде мал дәрігерлерінен. Бәріне келіп жатыр деді. Кептермен келеді. Жем шашамыз, сол жемге кептерде келеді ғой, солардан жұқты ма? Өйткені, жан-жақтан келіп қосылатын бөтен тауықтардан жұққан жоқ».

Мұндай жағдай «Бадам» елді-мекенінде жиі кездесуде, дейді тұрғындар. Бірақ, соған қарамастан бірде бір маман үй құстарына дәрі екпепті. Залалсыздандыру жұмыстарын да жүргізбеген. Жергілікті жұрт ауылдағы мал дәрігеріне бірнеше мәрте хабарласқанымен, дезинфекция ісіне қаржы бөлінбегенін айтқан.

ЕРКІН МҰСАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Мен былай санағаным жоқ. Бірақ, 50-ден көп тұғын. Дәу-дәу тауығы бар, қоразы бар. 50-ден көп. 60-70 бас бар-ау. 3 қап тауық болды ғой өлгендері. Тола-тола 3 қапқа салдым.  Оны не істедіңіз?  Апарып өртеп жібердім».

Дегенмен, мұны ветеринарлар да растап отыр. Ауылшаруашылық басқармасы мамандарының сөзінше, 342 бас үй құсының өлген дерегі анықталыпты. Соның ішінде 20 сынама зертханада тексеріліп, барлығынан теріс қорытынды шыққан.

X