6:00 Тікелей эфир «ТАМАША CITY» бағдарламасы
8:20 Эфирде әрі қарай «П@УТINA» бағдарламасы

Шымкенттік шенеунік 10 жылға сотталды

Шымкентте аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген айыппен Сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы 10 жылға сотталды. Жеңіс Байымбетов үшінші мегаполистің аумағында топографиялық түсірілім жасауға бөлінген қаражатты сыбайласымен бірге талан-таражға түсірген деп күдікке ілінген. Судья сонымен бірге мемлекет ақшасын заңсыз иемденген мердігерді де ұзақ жылға түрмеге отырғызды. Бірақ, сотталушының қорғаушылары соттың үкімімен келіспей отыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Әл-Фараби аудандық сотының ғимаратында өтетін шенеуніктің сот үкіміне қорғаушылар, туыстары, аудармашы және тілшілер қатысты. Ал, екі сотталушы тергеу абақтысынан онлайн режімінде көріп, тыңдап отырды. Қылмыстық істі жан-жақты қарап, зерделеп шыққан судья залға кірісімен бірден үкім оқуға кірісті.

МАДИЯР ӘБДІРӘСІЛОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

«Байымбетов Жеңіс Жайлауұлы Қылмыстық кодексітің 189-бабының 4 бөлігі 2-ші тармағымен, 218 баптың 3-ші бөлігі 1-ші және 3-ші тармақтарымен көрсетілген іс әрекет бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылсын. Қылмыстық жолмен тапқан мүлкі тәркіленсін. Құқық қорғау органдарында, мемлекеттік қызмет пен ұйымдарда басшылық лауазымды атқаруға өмір бойы тыйым салынсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу тағайындалсын».

Ал, қылмыстық істе сотталушының сыбайласы ретінде өткен Ақжол Айтбаев 8 жылға сотталды. Ол жекеменшік компанияның басшысы ретінде топографиялық түсірілім жасауға тиісті рұқсаты болмаса да, байқауға қатысып, жеңімпаз атанған. Судьяның сөзінше, Сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы 2019 жылдың ақпан  тамыз айлары аралығында 49 500 гектар аумаққа топографиялық түсірілім жасауға бөлінген 498 млн теңгені мердігермен бірге заңсыз иемденген. Нәтижесінде, қазына қаржысына жасалған дүниелер жарамсыз болып шыққан.

МАДИЯР ӘБДІРӘСІЛОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: «Атқарылған жұмыстардың барлығы, тиісінше, орындалмаған. Алдағы уақытта пайдалануға болмайды. Сол себепті, олардың әрекеттерін сот мына өздеріне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға салу, жымқыру деп бағалады. Және сол бойынша, тиісінше жаза белгіленді».

Судья сондай-ақ, бұрынғы шенеуніктің қылмыстық жолмен тапқан қаржыға қаланың орталығынан жер телімін алғанын оны сенімді өкілінің атына рәсімдеп, кейінен туған әпкесінің атына қайта жазғанын растады. Қазір, ол жерде екі қабатты бизнес нысаны салынып жатыр екен. Іс барысында нысан мемлекет меншініне алынды. Дегенмен, сотталушының қорғаушылары бұл үкімге келіспейді. Мердігердің жұмыс істеуіне арнайы лицензиясы болғанын айтты. Бірақ, процесте ол ескерілмеді деп отыр.

ЕЛУБАЙ ДӘУРЕНБАЕВ, СОТТАЛУШЫ А.АЙТБАЕВТЫҢ АДВОКАТЫ: «Сот тергеу барысында бұл лицензиясының көшірмесін сотқа тапсырғанбыз. Конкурста 11 адам қатысқан. Ол кезде де Байымбетовтің өзі де көзі жеткен, Айтбаев ұсынған. Ол конкурста жалғыз Байымбетов ешқандай шешім қабылдаған жоқ. Ол коллегиялық тұрғыда қабылданды ғой. Ол комиссия ең бастысы мұнда мемлекеттік сатып алуда лицензия болып табылады. Лицензия болмаса олар қатыспаушы еді».

Айтпақшы, сот отырысы кезінде қорғаушының бірі Байымбетовтың денсаулығына қатысты мәлімдеме жасап, оны абақтыдан үй қамаққа ауыстыру жөнінде құны 51 млн теңгеден астам қаржының нысандарын кепілге қойған екен. Бірақ, істің аса ауыр екенін айтқан судья адвокаттың өтінішін қабылдамаған. Дегенмен, әзірге, үкім күшіне енген жоқ. Қос сотталушының туыстары енді аппелациялық шағым түсірмекші.

Еске сала кетейін, шенеунік пен оның сыбайласы былтыр маусым айында ұсталған болатын. Мемлекет қаражатының игерілуін заңдылығын тексерген антикоррупция қызметі екеуін күдікті деп ұстап, қамауға алған еді.

X