6:00 Тікелей эфир «ТАМАША CITY» бағдарламасы
8:20 Эфирде әрі қарай «П@УТINA» бағдарламасы

«СК-Фармациядағы» тексеру

Атышулы «СК-Фармацияның» жұмысын бүгін жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері тексерді. Агенттіктің «Астана — адалдық алаңы» жобасы аясында мамандар дәрі сақталған қоймаларды аралап, препараттарды түгендеді. Арнайы құрылған мониторингтік топтың құрамына жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдерінен бөлек қоғам белсенділері кірген. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Еліміздегі дәрі сақтайтын «СК-Фармацияның» қоймасына кірмес бұрын мониторингтік топ мұқият тексерістен өтті. Медициналық арнайы халатпен, санитарлық тазалаудан соң препараттар тұрған аумағы 6500 шаршы метр болатын қойманы аралауды бастап кетті.

«Біз қазір соңғы уақытта елдің наразылығын тудырған «СК-Фармацияның» Солтүстік қоймасындамыз. Мұнда елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты екі айлық таусылмайтын дәрілердің қоры жасақталған екен. Міне, дәл осы қораптарда елдегі жағдайға байланысты кез-келген сәтте емханаларға жеткізілетін дәрілердің қоры қалыптасқан. Бұл жерде ең бірінші кезекте дәрілер сақталады екен. Ал, препараттардың қоры азайған сәтте, мамандар оны дер кезінде толтырып отыратын көрінеді».

Арнайы жасақталған азаймайтын қордағы дәрілер 120 мың адамды емдеуге шақталған. Мамандар қажетті препараттар ауруханаға жіберілген кезден ақ, оның орнын толтырып отырады. Мұнда дәрінің 44 түрі сақталады екен.

АЙГЕРІМ СМАЙЫЛОВА, «СК-ФАРМАЦИЯ» ЖШС БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
«Біріншіден әрбір медициналық ұйымдарда республика бойынша бір айлық қор жасақталған. Коронавирус еміне арналған қоры. Бұған негізгі бөлінген 8,2 млрд теңге болатын. Қазір Хабтарда 6,7 млрд теңгенің көлемін құрайтын дәрі-дәрмектердің сомасын қор жасақталған. Бірыңғай дистрибьютер 10 млн дана, оның ішінде 500 мың дана балаларға арналған медициналық масканың қорын жасақтады».

Жалпы, СК-Фармацияның мұндай ірі қоймалары бас қаладан бөлек, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында ашылған. Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жанындағы «Адалдық алаңы» жобасының мамамандары да қоймада сақталған дәрі-дәрмектердің қорын тексеріп, сын-ескертпелерін айтты.

МАРАТ ХАЙРУЛЛИН, ҚР ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ЖЕТЕКШІСІ:
«Астана-адалдық алаңы» жобасы аясында біз бүгін дәрілерді ауруханаларға жеткізу бойынша бірыңғай дистрибьютер «СК-Фармацияның» қоймаларын араладық. Мониторингтік топ препараттар қандай жағдайда сақталып жатқанын тексерді. Ковидке қарсы дәрілердің барлығына жетуін қамтамасыз ету қажет. Жағдай тұрақталып келеді».

Еске сала кетейін, СК-Фармация бірыңғай дистрибьютері 2011 жылдан бері мемлекет қаржысына дәрі-дәрмек сатып алып, оны ауруханалар мен емханаларға жеткізіп келеді. Биылдың өзінде коронавирустық инфекция бойынша ауруханаларға 12 млрд теңгеге дәрі сатып алу жоспарланып отыр екен.

X