Әділдікті талап етеміз! Қызылордалық шаруалардың жергілікті билікке өкпесі қара қазандай. Оған үкіметтен малшыларға беріліп отырған субсидия мәселесі себеп болған. Мал шаруашылығымен айналысатын жандарға биыл ауылшаруашылық министрлігі қаржылай көмек қарастырған екен. Құжаттарын жинап, осы субсидияға қол жеткізбек болған Жаңақорған, Қазалы, Қармақшы және Арал ауданындағы малшылар бірқатар қиындыққа тап болыпты. Ашынған шаруалар облыс әкімдігіне барып, аймақ басшысымен кездесуді талап етті. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Жеке шаруа қожалық иелері мемлекет тарапынан ауылшаруашылық секторын қолдауға қаржылай көмек беріледі дегенде қуаныштары қойындарына сыймағандарын айтады. Малды өсіруге кететін шығындардың бірі — жем-шөбінің қаржысын жергілікті билік субсидиялайтын болған соң құжаттарын жинай бастаған.
ЕРБОЛ НҰРМАНБЕТОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Счет-фактурамыз алдық, накладнойымызды алдық, барлығын өткіздік операторымызға. Содан 14-і күні сағат 3-тің кезінде түстен кейін база ашылады деді. Содан қуанып, күтіп жүрдік барлығымыз. Кешкі 5-6-лардың шамасында операторымызбен хабарластық, не болды, не жағдай деп. ол кісі айтты полный провал болды деп, 7-8 әрі кетсе 10 секундқа жеткен жоқ. База ашылды да салып үлгірмедік, жабылып қалды деп».
Осындай жағдайға тап болғандар қарасы көп. Қас қағым сәтте порталға салынған субсидияның 730 миллион теңгесі жоқ болып кетіпті.
РҮСТЕМБЕК СӘРСЕНБАЕВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ — «Электронная цифровая подпись» деген бар, соған келген кезде ошибка деп шыға береді. «Попробуйте по позже или обратитесь в колл-центр» дейді. Мен колл-центрге обращение жасап жүргенде білесіздер қанша уақыт кететінін. Сонымен мен бір мүйізді ірі қараның заявкасына отырғанымда 4 айналдырып келдім. Төртеуінде де жаңағыдай жазу шықты. Бесіншісінде уже ақша жоқ деп шықты. Бізге надежда беріп қойды, біз уже план да составить етіп қойдық ол ақшаға, не істейтінімізді, ал келген кезде өтірік алдап, лақтырып кетті.
Бір қызығы бөлінген субсидиянының көп мөлшері бір ауданға кетіпті. Жиналған малшылар қауымы құжаттарын тіркей алмай жатқанда Шиелі ауданының шаруалары емін-еркін қаражатқа қол жеткізген. Айта кетейік, субсидияға сәйкес бір ірі қара малға — 30 мың, ал ұсақ малға — 5 мың теңге қарастырылыпты. «Барлық ақшаның бір ауданға өтуінің артында шикілік бар» деген жеке шаруа қожалық иелері облыс әкімдігінің алдына жиналды. Ішке кірген жұртты алғашқыда облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы қабылдамақ болып еді.
«Сіз қазір Қызылорда облысының сонымен қатар ҚР бас санитарының тәртібін бұзып жатсыз. Мына жерде қаншама адам, иә бір-біріне жақын тұр. Мына жерде өткізуге болмайды. Сондықтан ең кең мәжіліс залға барып, санитарлық номрманы реттеп, ертең сізге де сөз тимесін мына халықта бір ауру-бәледен аман болсын.
Тар бөлмеден кішігірім залға ауысқан малшыларды бұл жолы облыс әкімінің орынбасары қабылдамақ болды.
«Менсінбей тұрсыздар ма біздерді? Неге? Қара халыққа салыну керек. Кең залдарыңыз қайда, сол жерге барайықта. Ел одан сайын қыза түседі. Жалпы жеке қабылдауға осы зал еді бізде. Жеке қабылдау емес қой мынау».
Ақыры үшінші есіктен жиналған малшыларға облыс әкімі бой көрсетті. Аймақ басшысы биылғы жылы аудандардағы шаруа қожалықтарынан 3,2 млрд теңгеге сұраныс түскенін сөз етті. Ал, нақты қолда бары тек 730 млн теңге қаржы. Жіберілген кемшіліктерді тыңдаған Гүлшара Әбдіхалықова жиналғандарға қызметтік тексеріс жүргізетінін жеткізді.
ГҮЛШАРА ӘБДІХАЛЫҚОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Менің ұсынысым былай, берілген 730 млн әлі ешкімнің счетына жіберілген жоқ. Сондықтан Бақыт Дүйсенович мына Алмасбек мырзамен екі-үш кісі отырып, ережеге егер өзгеріс енгізу керек болса бүгін қайта қарайық. Сөйтіп ауылшаруашылық министріне жеткізейік. Мүмкін болса, әлі кеш болмаса, мүмкін нормативтерді төмендетіп көптеген шаруашылықтарды қамту керек шығар».
Әкім не себепті бөлінген қаржының барлығы бір ауданға кеткендігін де зерделейміз деді. Барлығы толық шешілген соң малшылармен қайта кездесеміз деп те уәдесін берді. Ал әзірге облыс әкімі ауылшаруашылық басқармасының басшысына мәселені осындай жағдайға жеткізгені үшін ескерту берді.