Талдықорған тұрғындары үйлерінің іргесінде шошқа өсіріп отырған шаруашылықтан әбден мезі болғандарын айтып, шағымдануда. Ферма елдімекеннен небәрі 100 метрде орналасқан екен. Тұмса иіске тұншыққанымыз аздай, жұптұяқтылар балаларымызға шабама деп қорқамыз дейді ашынған жұрт. Қала ортасында доңыз асырауға рұқсат бергендер кім? Наразы тұрғындардың талабы қандай? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Айта айта шаршадым. Бір емес бірнеше рет шошқалар кіріп кетіп, тұмсығына аша да тығып алған күнім болды».
Талдықорғанға қарасты Ынтымақ ауылының тұрғындары 2 жылдан бері іргедегі шошқа фермасынан көресінді көргендерін айтады. Шаруашылық дәл ауыл іргесінде орналасқан. Тіпті шеткі үйді небәрі 15 метр бөліп тұр. Үнемі қараусыз қалатын жұптұяқты жануарлар ауыл ішін ғана емес, аула мен еккен бау-бақшаны да бүлдіреді, дейді.
БАҚЫТ НҮСІПОВА, ЫНТЫМАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Огородымнан огород қалдырған жоқ. Неше рет айттым, неше рет милицияға арыз бердім, акиматқа да бардық, көрсеттік. Халықтың бәрі біледі, жалғыз менің емес, бүкіл елдің огородын қопарып тастаған».
ГҮЛШАРА ИСАХАНОВА, ЫНТЫМАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Үйдің маңынан түк қоймады. Мынау деген антисанитария. Сасық иіс. Жел біз жаққа қарай соққан кезде үйдің маңының бәрін сасық иіс жауып кетеді».
Тұрғындардың айтуынша, 400-ге жуық доңыз асырап отырған шаруашылық басшысы осыған дейін ферманы көшіремін деп уәдені үйіп-төгіпті. Алайда, керісінше бос жатқан жерлерді қоршап, ферма аумағын кеңейтіп жатқанға ұқсайды. Назын айтқандар кезекті рет фермерге барғанда үйінде болмай шықты. Оған біз де куә болдық. Шағымданушы тарап осыған дейін де ауыл әкіміне арыз жазған екен. Егер одан нәтиже болмаса прокуратураға барамыз деп отыр.
ДАРХАН ӘБІЛБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:»Кәсіпкерлік заңына байланысты шағын және орта бизнес өкілдерін өздігімізден тексере алмаймыз. Арыз кеп түскен жағдайда ғана тексеріс жасайтын боламыз. Тексеріс барысында ветеринариялық талаптарды орындамай жатқаны анықталса тиісті шаралар қолданамыз».
Бұл шаруа қожалығы талдықорғандықтардың бәріне таныс, дейді жұрт. 2 жыл бұрын аталған ферма жаңадан бой көтерген 6-шағын аудан тұрғындарының мазасын қашырған көрінеді. Бұл оқиғадан кейін қаланың бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаев шаруаға шошқа асырау үшін Ынтымақ ауылының шетінен жер беріпті.
МҰРАТ ИСАХАНОВ, ЫНТЫМАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Енді өздеріңіз ойлап қараңыздар, тура ауылдың маңынан 100 метр жерден шошқа фермасына жер беріле ме? Біздің көңілімізге сыймай тұрғаны осы. Әрбір үйден 4-5 баладан мектепке шығады. Көбі жас семьялар, балалар кішкентай. Олар жүре алмай қалады қорқып. Ал, енді шошқаның аты шошқа балаларға жүгіруі мүмкін. Ол жылқы емес, ол қой емес, ол шошқа».
Ынтымақ ауылында қазір мыңнан астам адам тұрады. Кәсіпкердің шаруашылығы кеңейетін болса барлығымызға қауіп төнейін деп тұр, дейді наразы топ. Сондықтан қала атқамінерлері мәселені жуық арада шешіп береді дегенге күмән қарайтындарын жеткізді.